Елбасы дағдарыс кезінде Ұлттық қордан 10 млрд. доллар алынып, ел экономикасына салғанымен оның мерзімінде қайтарылмағанын ескертті. Үкімет басшысының орынбасары Қ.Келімбетовтың айтуынша мұның 1 млрд. доллары «Қазагроға» берілген екен. Бұл қаржы қайда, қорға нақты қашан құйылады?
– Қайтаратын мезгілі әлі жеткен жоқ, белгіленген мерзім – 2024 жыл. Ұлттық қордың қаржысы 15 жылға берілген. Қызығы 2009 жылы «Қазагроға» 120 млрд теңге түскен кезде тура сол күні доллардың курсы 120-дан 150-ге дейін өсіп кетті. Сонда бір түнде 200 миллион долларды «қосып» алынды. Қомақты соманың барлығы инвестициялық бағдарлама бойынша жұмсалуы керек. Алайда, бір жылда миллиардтаған теңге салатын жобаны қайдан табасыз? Шындығында қазір оның жартысынан астамы инвестициялық жобаларға кірді. Қалғанын өзгелер секілді депозитке салып қойып, қаржының үстінде отыруға да болатын еді. Аталмыш қаражат қайта айналмалы капиталға салынып, алдымен көктемгі егіс жұмыстарына таратылды да, қыста аздаған өсімімен қайтара жиналды. Екінішіден, 2009 жылы 5 миллион тонна, 2011 жылы тағы да 5 миллион тонна бидай нарықтағы құнынан жоғары бағаға қабылданды. Егер сол кезде он миллион тонна бидай сатып алынбаса демпинг болатын еді, баға мүлде түсіп кетіп шаруалар банкротқа ұшырайтыны анық. Бүгінде сол астық қайтадын сатылып, қаржы орнына келіп жатыр. Қаржы осылайша екі рет айналып, берілген 120 млрд теңге есебінен ауыл шаруашылық саласына құйылған қаржы шамамен 250 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Уақыты мен кестесіне сәйкес бұл қаражат Ұлттық қорға қайтадан қайтарылады