"Виртуальная любовь" фильмі туралы
Толығырақ: http://rukhpentil.org/?p=1612
«Қазақфильм» кезекті туындысымен интернационализмді ашық түрде насихаттауға көшті. Ұлттық өнімді қанша қолдаймын десең де, киностудия сол ұлттық мүддеге қарсы қызмет етуде.
«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ғаламтордағы махаббат» («Виртуальная любовь») туындысы прокатқа 22 қараша күні шықты. Күткеніміздей, басты рөлдерде Ресей актері (қазақ актері жоқтай) – Артур Смольянинов мен Бибігүл Ақтан. Дегенмен, тұсаукесерінен соң-ақ көрермендердің фильмге қатысты пікірі екіге жарылды. Бірі жастар талабына сай түсірілген десе, енді бірі интернационализмді, субмәдениетті насихаттады дейді. Барлық пікірді екшелеп, тоқ етеріне тоқталсам.
Біріншіден, фильм – романтикалық комедия. Туындының «романтизмі» мен «комедиялығына» «мін» жоқ. Жеңіл-желпі, көңіл-күйді көтеретін фильм, кейде мұндайды көріп-тұру зиян емес. Бірақ, сценарийі өте қарабайыр. Фильмның аты айтып тұрғандай, қыз бен жігіт өз махаббаттарын ғаламтордағы желіде табады. Табысуда қиындықтар болғанымен, аяғында екеуі қосылады. Туындының мәні – жастардың ғаламтордағы махаббаттан алдануы, махаббат пен сезімнің ғаламтордың «тұңғиығына» батып кетуі. Бір жағынан, мұның да өзектілігі де бар. Өйткені, жастардың көпшілігі ғаламторға тәуелді болуда.
Бірақ, отандық өнімді қанша қолдағымыз келгенімен, ұлттық өнім ұлттық саясатымызға, ұлттық мүддемізге қайшы. Өйткені фильмде басты рөлде ойнаған екі ғашықтың бірі – қазақ болса, енді бірі – орыс. Бұл ұлттық мәдениетімізге кереғар. Қазақтың өзге этнос өкілімен үйленуі, интернационалистік одақ, неке құруы – қан тазалығын бұзып, ұрпақ жалғасуын тоқтатады. Содан соң, бұл қазақ қоғамына жат, жаһандану үрдісінің әсері ғана. Аралас неке ешқашан қазаққа мақтаныш болмаған. Аралас некенің болмауы, қан тазалығының болуы – қазақ халқының ұлт болып сақталуының басты себебі.
Екіншіден, фильмді түсіруші Қазақстан, қазақ киностудиясы, актерлер –қазақтар, бірақ барлығы орыс тілінде сөйлейді. Неліктен ұлттық киноны дамытатын бірден-бір студия –«Қазақфильм» киностудиясы толыққанды қазақ тілінде өнім шығара алмайды? Шәкен Аймановтың рухын сыйласа қайтеді? Егер ұлттық саясаттың міндеттерін орындай алмаса, онда «Қазақфильмге» бюджеттен қаржы бөлудің қажеті қанша? Әрбір салық төлеушінің ақшасына «Қазақфильм» әр фильмін түсіріп жатқанын біле ме екен осы?
Одан соң, интернет иіріміндегі түрлі топ өкілдерінің «мәдениеті» де насихатталады. Оның ішінде ұлттық бейнені жоғалтқан панктер, готтар, байкерлер…т.б. бар. Шынымен де, мұндай субмәдениет өкілдері бар. Бірақ бұл топтардың ұлттың ыдырауына, қоғамның рухани азғындауына әкелмей ме? Ал фильмде субмәдениет қалыпты жағдай ретінде, тіпті, адам өмірін «құтқарушылар» ретінде сомадалады. Бір қызығы, «Қазақфильмнің» басшылары осы фильмдердің сценарийімен, оның идеялық, идеологиялық жағымен танысып, сараптама жасай ма екен? Бірақ, бұл фильмге, одан бұрынғы түсірілген туындыларға қарап, қандай жауап алатынымыз түсінікті.
Үшіншіден, фильм – идеологиялық насихат құралы. Бейне мен дыбыстың қосындысы болып табылатын фильмнің халық санасына деген әсері орасан зор. Көпшілік көргеніне сенеді, соны дұрыс деп ойлайды. Ал «Ғаламтордағы махаббаттағыдай» интернационализм, космополитизм, субмәдениеттің насихатталуы қазақ қоғамының құлдырауына соқтырады. Өйткені бүгінгі күннің өзінде ұлтымыз рухани дағдарысты бастан кешіруде.
Алмас АРЫН
