Психология мамандығы бойынша білім алу мүмкіндіктері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің үздік оқу орны болып саналатындығы көпшілікке мәлім. Және университеттің QS рейтінгінде 236 орынды иеленіп отырғандығы бұған тікелей дәлел болып табылады.
Университет 14 жоғары білім беретін факультеттен және 1 жоғары білімге дейінгі факультеттен тұрады. Әр факультет көптеген кафедралардан құралған. Соның бірі философия және саясаттану факультетіндегі жалпы және қолданбалы психология кафедрасы. Бұл кафедрада «Психология» мамандығы бойынша үш деңгейлі (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім беріледі.
Бакалавриат деңгейі 4 жылдан құралады. Бұл деңгейде мамандық бойынша барлық маңызды пәндер оқытылады: жалпы психологияға кіріспе, жас ерекшелік психологиясы, психологиялық диагностика, сонымен қатар, психологияның әр саласы бойынша пәндер. Ең соңғы 8-ші жарты жылдықта студенттер педагогикалық, өндірістік және диплом алды тәжірилерінен өтуге мүмкіндік алады. Бакалавриат барысында академиялық мобильділік немесе студенттер алмасуы бағдарламалары арқылы шет елдің үздік оқу орындарында жарты немесе бір жыл ішінде білім алуға мүмкіндік бар. Білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Соңғы жылдары шет елдік стандарттарға сәйкес, кейбір пәндерді ағылшын тілінде өткізуге ұмтылыс байқалуда.
Магистратура деңгейінің 2 түрі бар: бейінді (1 жылдық) және ғылыми-педагогикалық (2 жыл). Бұл деңгейде білім беру ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ресейдің бірінші президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал Федеральдық университеті арасында 2 дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. 2 жылдық магистратурада мемлекеттік грант бойынша білім алатын студенттерге арналған шет елдік тағылым бағдарламасы бар. Оның көмегімен магистранттар басқа мемлекеттердегі үздік университеттерде тағылымнан өтуге немесе қысқа мерзімді білім алу курстарына баруға мүмкіндік алады. Бұл өте жақсы тәжірибе, себебі студенттерде басқа мемлекеттің мәдениетімен, ғылымымен және инновацияларымен танысуға мүмкіндік пайда болады.
Докторантура деңгейінде мамандар 3 жыл білім алады. Бұл білім алу деңгейі болашақ ғылыми қызметкерлер үшін өте маңызды. Пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар докторанттар диссертациялық жұмысты жазу барысында тек қазақстандық жетекшімен ғана емес, шет елдік маманмен де жұмыс атқарады. Және докторантура барысында 2 айға созылатын шет елдік тағылымнан өтуге болады.
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасында еліміздің үздік психолог мамандары қызмет атқарады. Олардың арасында ғылым докторлары мен кандидаттары көп. Оқытушы-профессорлық құрамның басым бөлігі 3 тілде де білім бере алады. Осы жерде білім ала отырып, психолог маманы ретінде жан-жақты қалыптасуға мүмкіндіктер өте мол.
