Психикалық ауруды 50 жылға жуық жасырған ата-ана көмек сұрайды.
Дауыс,елестермен арпалысқан ....
Ол түрлі елес көреді. Беймәлім күш оның балалық шағын да ұрлады.
Сыныптастары оқыды , үйленді. Ал Ермек үйден шықпай елестермен алысты. Желкесін жыбырлатып, жанын алуға келе жатқан әзірейілдей ақыратын жаңғырықтар оның құлағына тыныштық бермеді.
Қариялар ұлына шипа іздеп, баласын емші-тәуіпке барды. Алайда Ермекті арбаған тылсым күштер жоғалған жоқ. Қашса қуып жетеді. Тығылып еді, тауып алды. Тіпті ата-анасы ауылдан көшіп , қалаға қоныс аударды. Ұлына жабысқан пәлекеттен құтылудың ақырғы амалы еді.
Ата-анасы баласын діңкелеткен белгісіз кесел жайлы 47 жыл бойы ағайынға тіс жармады. Екеуі де сертке берік екен. Оның іні- қарындастарына да отбасындағы құпияны сыртқа жариялауға тыйым салған. Әке-шешесі перзентіне ем іздеп, емханаға да бармады. Олардың қолын " ұят " деген бір ауыз сөз байлады. Елдің сөзінен қорықты.
Ал уақыт зымырап, әке-шеше қартайды. Уайымы да Ермегі. Басқа ұл-қызының отбасы бар, үбірлі-шүбірлі. Екеуінің зейнетақысы азық-түлікке, жарық, жылу ақысын төлеуге жетеді. Алайда оларды алаңдатқан ой бар. Түнімен жегідей жанын кеміріп барады.
Соңғы уақытта екеуінің ұйқысы қашқан. 47 жастағы науқас перзентінің қай ұл-қызының босағасында жан сауғалайтынын көзіне елестете алмады. Бауырлары қамқорлығына алып, бауырына басады деген ата-ананың үміті сағым секілді бұлыңғыр.
Күдік, күмән арқалаған қариялар Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығына келді.
Осы оқиға бойынша Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев сұхбат берді.
-Анасы мен әкесін түсінуге болады. Өйткені олар осы уақытқа дейін ұлының дертіне намыстанды. Оны жасырып келді. Мұндай психикалық аурулар белгілі уақытта ғана өршиді , сосын аурудың беті қайтатын кезеңі болады.
Әкесінің айтуынша ұлын 2016 жылы орталыққа алып келіпті. Дәрігерлер ауруды анықтап, науқасты орталыққа жатқызу керек деп қорытынды жасайды. Бірақ ата-анасы медициналық көмектен бас тартады.
Қарт ата-ананың амалы таусылып, ұлын орталыққа тағы жетектеп келді. Енді біздің орталықтың басты мақсаты оны емдеу. Ал екінші мәселе мүгедек екенін растау.
Психикалық аурулардың ерекшелігі ертерек емдемесе, аурудың созылмалы түрі дамиды. Көзге түрлі елес көрінеді, дауыс естиді және сол адамды үнемі мазалап отырады. Бұл шизофренияның айқын белгілері .
Ал аурудың өршу кезеңі өте қауіпті. Науқастың ағзасы зиян шегеді. Оның жұмыс істеуге қауқары болмайды. Өзін күтінуге қабілеті жетпейді. Оғаш қылықтары ,оқшаулануы ,мінез-құлқының тез құбылуы жиі байқалады.
Егер қариялар ауруды жасырмай медициналық көмекке жүгінгенде дәрі-дәрмекті қолданып, ұлы елес, дауыстан құтылатын еді.
Ол азаматты орталыққа жатқыздық. Емдейміз. Орталықтан шыққаннан кейін амбулаториялық диспансерлік бақылауда болады. Психиатр дәрігер науқасты 4 ай бойы жіті қадағалайды . Содан кейін ғана медициналық –консультациялық комиссияға жолдама береміз. Мүгедектігін анықтау туралы шешімді медициналық –сараптама орталығының мамандары қабылдайды.
Бұл жерде тағы айтайын дегенім , қант диабеті болса, оған ешкім намыстанбайды. Бронх астмасына шалдықса , ауруын жасырмайды. Ал психикалық ауытқуы бар деген сөзді естігенде туысқандары біздің отбасымыздың абыройына дақ түседі, жұртпен қарым-қатынасымыз үзіледі деп ауруды жасырып жүретін әдет бар. Дәл осындай жәйт туберкулезге шалдыққан науқастардың арасында да жиі кездеседі.
Тағы бір айта кетерлігі ,біздің орталыққа келген науқастардың туыстары «дерт жазыла ма?» деп жиі сұрайды. Егер науқас неғұрлым ертерек емделсе, психикалық аурулардың өршитін және дерттің беті қайтып, науқастың жағдайы тұрақталатын кезеңнің арасы ұзарады. Дәрі-дәрмектерді тұрақты ішу , дәрігерлердің үнемі бақылауында болып, еңбек етіп, отбасын құрып , бала-шағасын асырап жүрген пациенттер де бар.
Сондықтан аурудан намыстанып, ұялудың қажеті жоқ. Психикалық сауықтыру орталығында емделушілердің туысқандарына кеңес беретін , сауаттылығын жетілдіретін мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің психиатрлар тұрғындарға ауруға қатысты жан-жақты мәліметтер беріп, психикалық ауытқуы бар адамның көңіл-күйі құбылғанда не істеу керек, сандырақтағанда одан қорықпай , қалай көмектесуге болатынын үйретеді.
Айтайын дегенім , ауруды жасырмаңыздар, науқастың денсаулығы зардап шегеді. Егер ата-анасы Психикалық сауықтыру орталығына келуге ұялып жүрсе, қала емханаларындағы психиатрларға емделуге мүмкіндік бар. Ауырмаңыздар. Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар.
-Сұхбатыңызға рақмет.
Жазира Бегалы журналист.
