Атбасар ауданының жұмыспен қамту орталығында өткен бұл кездесуге мүмкіндігі шектеулі Илья Гуренко мен Иван Матасов келді. Екеуі де үшінші топ мүгедегі. Осыған қарамастан, жұмыс істегілері келеді. Әзірге «екі қолға бір күрек» таппай отыр. Атбасар ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Байтурованың айтуынша, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі 49 адамды жұмыспен қамтиды. Оның ішінде 15 адамға арнайы квота белгіленген екен. Биыл бұл жоспар да, берілген квота да орындалған. Дегенмен де, орталық тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында әлі де жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіліп, бос жұмыс орындар қарастырылуда.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясының Атбасар аумақтық филиалы төрағасының орынбасары Нұржан Рахимов партиялық бақылау аясында «Кедергісіз келешек»және «Бақытты отбасы» жобалары бойынша әрдайым мемлекеттік қызметкерлермен бірге мониторинг жүргізілетінін айтып өтті. Сондықтан, жұмыс берушілер мейлінше тұрақты жұмыс орнымен қамтыса деген ойын жеткізді.
Атбасар қаласының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Б.Нургалиева жұмысқа қабылдау мүмкіндігінің жоқ екенін және жыл соңында штаттағы адам санының қысқаратынын жеткізді. Егер мүмкіндік болып жатса, келесі жылы міндетті түрде бұл мәселені назарда ұстайтындарын айтты. Ал «Қазпошта» мекемесінің директоры Ж.Қожахметов қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі бір қызметкердің жұмыс істейтінін, бұдан басқа бос жұмыс орнының жоқтығын алға тартты. Дегенмен де, «Қазпошта» мекемесінде мүмкіндігі шектеулі бірнеше азаматтың тәжірибеден өткенін тілге тиек етті.
Осы ретте партия мен жұмыспен қамту орталығы тарапынан да жұмыс берушілермен байланыс үзілмей, жыл соңына дейін шешімі табылатыны айтылды.
0