Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенге барды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенде жаппай тәртіпсіздік кезінде өртеніп, зақымданған дүкендер мен ғимараттарды аралап көрді. Жергілікті халықпен сөйлесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар неше жылдан бері өз қолдарымен салған ғимараттардың бір-ақ күнде тас- талқаны шыққанына өкініш білдірді.
Думан Мұхаметкәрім, тілші:
Президент Нұрсұлтан Назарбаев мінген тікұшақ Ақтаудан бүгін Жаңаөзенге Астана уақытымен шамамен 7-де келіп қонды. Мемлекет басшысы ең алдымен өртеніп кеткен Жаңаөзен қалалық әкімдігі ғимаратын аралады. Есік терезесі сынған әрі әбден тоналған ғимарат ішін өз көзімен көрді. Қала тұрғындары Президенттің өзі келгеніне алғысын білдіріп жатты. Әкімдік алдында тұрған халық ондаған жылдар бойы өз қолымызбен тұрғызған ғимараттарды бұзақылар бір-ақ күнде тас-талқанын шығарғанына өкініш білдірді.
Өрік Жұмағазиева, кәсіпкер:
Кәсіпкерміз. Енді Елбасы келді, көмектесемін деді. Кредитіміз бар. Келгеніне рахмет. Кәсіпкерлерге бәріне көмектесеміз деп жатыр.
Дәулет Сапаров, кәсіпкер:
Қанша несиеміз бар банктерде, жұмысшыларымыз бар. Талай адам жұмыссыз қалды. Мұнайшылар енді 7-8 айдан бері тұрды ғой. 25-30 шақты адам келген ғой арнайы дайындалған адамдар. Солар бастаған ғой.
Владислав Ким, кәсіпкер:
Біз негізі зор шығынға ұшырадық. Біздің дүкенді қалпына келтіруге көмектесеміз деді. Президенттің келгеніне рахмет.
Нұрсұлтан Әбішұлы өткендегі бейберекеттен кейін қирап қалған басқада ғимараттарды аралап шықты. Мемлекет басшысы Үкіметке қирап қалған ғимараттарды қысқа мерзімде қалпына келтіруін, жергілікті кәсіпкерлерге барынша қолұшын беруді тапсырды.
