"Поэзия менімен егіз бе едің?"
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында қалыптасқан дәстүрге айналып келеді. Аталған жоба қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған.
2021 жылдың Жыл кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Бұл жолы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылып отыр.
Жоба аясында поэзия жанры бойынша Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным», Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап», Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы», Тоқтарәлі Таңжарық «Түн парақтары», Бақытжан Қанапиянов «Достояние души» жинақтары таңдалған. Бұдан бөлек проза, драматургия, балалар әдебиеті, аударма жанрларында да бірнеше оқылымды авторлар қамтылған.







