Петропавлда Халықаралық ЖКО құрбандарын еске алу күні өтті
Бұл күні полицейлер «Есіңе ал және ойлан» акциясын өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Акция СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы ғимаратының жанында басталды. Колоннада үстінде ЖКО-да зиян шеккен автокөлік орналасқан эвакуатор мен қара және ақ түсті ленталары бар 6 автокөлік болды. Сондай-ақ, акцияға велосипедші балалар да қатысты. Олар қаланың көлік көп жүретін жолдарымен жүріп өтті.
СҚО ІІД ӘПБ бастығының орынбасары Сайлаубек Мусиннің айтуынша, аталған шараның басты мақсаты - жол үстінде қаза болу, жарақаттанудың және барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіп-қатеріне назар аудару, апаттардың алдын-алу, жолдағы ереже бұзушылықтарға жол бермеу, өзара сыйластық, жолда қауіпсіздік ережесін сақтау, ЖКО-да қайтыс болғандарды еске алу.
Жыл сайын әлемде көлік апаттарынан 1 миллионнан астам адам қаза болып, 50 миллион адам жарақат алады. Осы жылдың 10 айында СҚО аумағында 304 ЖКО тіркелді. Оның салдарынан 42 адам қаза тауып, 382 адам жарақаттанды.
