Петропавл қаласының әкімдігінде мемлекеттік қызметті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жаңғырту мәселелері талқыланды

Ағымдағы жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаудың желілік жоспарына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев Петропавл қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесті.
Іс-шараға облыс орталығының әкімі Марат Тасмағанбетов, қала әкімдігі мемлекеттік органдарының басшылары мен қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан қала әкімі Марат Тасмағанбетов, аталмыш семинардың мақсаты - жаңа жылдың басынан күшіне енген мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының басым бағыттарын түсіндіру болып табылатындығын айтты.

Бұдан кейін сөз тізгіні Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаевқа берілді, ол өз кезегінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының жаңашылдықтарына кеңірек тоқталып өтті.
Мәселен, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшуді реттейтін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы біліктілікке сүйену мен конкурстық іріктеуге негізделгендігі белгілі болды.
Ғалым Сұлтанұлының айтуынша, бұдан былай мемлекеттік органдардың төменгі лауазымдарына орналасу үш іріктеу кезеңін қамтыған жалпы конкурс өткізу негізінде жүзеге асырылатын болады.
Кездесудің соңында өзекті мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді.

