Павлодар облысының өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестиция 163,2 млрд теңгені құрады
Ағымдағы жылы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі екі есеге өсіп, 163,2 млрд. теңгені құрады, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Өңдеу саласында металлургиялық өнеркәсіптің (70,0%) және басқа да көлік құралдар өндірісінің (8,6%) алатын орны бөлек. Басқа секторлар 18%-ды құрайды.
2015 жылы сыртқы инвестиция көлемі 1,5 еседен астам өсіп, 121,5 млрд. теңгені құрады, бұл аймағымызды Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарынан кейін 3 орынға қойды.
Жалпы, статистикалық мәліметтер бойынша 2015 жылғы 9 ай ішінде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 293,3 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім 37,2%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша облыстар рейтингілерінде өңіріміз 6 орында тұр. Оның ішінде бюджеттік қаражат үлесі 16,5%-ды, меншік қаражат – 39,7%-ды және заемдық қаражат 43,8%-ды құрады. Осылайша, негізгі капиталға құйылған инвестициялардың бюджеттен тыс көздері 83,5 %-ды немесе 245 млрд. теңгені құрап отыр.
Қалалар мен аудандар арасында негізгі капиталға салынған инвестицияның қомақты үлесі Екібастұзда - 59% немесе 172,8 млрд. теңге (Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты, Проммашкомплект, ГРЭС – 1), Павлодар - 27,5% немесе 80,8 млрд.теңге (ПМХЗ, Павлодарэнерго, УПНК –ПВ, Нефтехим LTD) және Ақсу - 7,5% немесе 22,1 млрд.теңге (ЕЭК) және облыс аудандары - 6% немесе 17,6 млрд.теңге.
Облыс аудандары бойынша инвестицияның барынша көп үлесі Павлодар, Качир аудандарына, барынша аз үлесі – Лебяжі, Ақтоғай, Успен және Шарбақты аудандарына тиесілі.
«СибИнвестГруп» (Новосібір қ., РФ) холдингінің актокөліктерге арналған алюминий дискілер шығаратын зауыттың құрылыс жобасы және «TENIR-LOGISTIC» ЖШС-нің (ҚХР-дің қатысуымен) Павлодар облысы аумағында химия-металлургиялық кешен құру жөніндегі жобасы өнеркәсіпті дамытуға құйылатын инвестицияның қосымша көздері болмақ. Аталып өткен жобалар инвестициясының жалпы көлемі 500,0 млн. долларға жуық қаражатты құрайды.
Қазақстан-қытайлық үкіметаралық отырыстар шеңберінде электролиз өндірісін кеңейту және Ақсу қаласындағы 2 энергоблок құрылысы жөніндегі 2 инвестициялық жобаны іске асыру мәселесі пысықталу үстінде. Бұл реттегі инвестиция көлемі - 2 млрд. АҚШ доллары.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы қыркүйекте ҚХР-ге жасаған мемлекеттік сапары барысында Eurasian Resources Group және Қытай Мемлекеттік даму банкі арасында аталған жобаларды қаржыландыру жөніндегі шектелмелі келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ жақында Италияның Сауда-өнеркәсіптік палатасымен бизнес-форум ұйымдастыру және Қазақстанның Польшадағы Елшілігімен алюминий өңдеу жағынан польшалық көшбасшы компаниялардың бірін шақыру бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Қазақстан-қытайлық жобалар бойынша жұмыс өз жалғасын табады.
