Павлодар қаласындағы мектепке дейінгі мекемелердің тізімі тағы бір балабақшамен толықты
Павлодар қаласындағы мектепке дейінгі мекемелердің тізімі тағы бір балабақшамен толықты. Аталмыш балабақша Жаяу-Мұса, 4 мекенжайы бойынша орналасқан. ⠀ Көптеген жылдар бойы аталмыш ғимарат дұрыс бағытта пайдаланылмаған. Соның салдарынан шағын ауданның тұрғындары балаларын басқа аудандарда орналасқан балабақшаларға тасуға мәжбүр болды. ⠀ 2020 жылдың мамыр айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Гидропром» ЖШС мердігерлік ұйымы нысанды қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарына кірісті. Ғимаратта толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, барлық қажетті технологиялық жабдықтар сатып алынды. ⠀ Жаңа балабақшада қазақ және орыс тілдерінде 10 топ жұмыс істейтін болады. Жалпы орын саны – 230. Мектеп жасына дейінгі балаларды әртүрлі үйірмелерде оқыту жоспарлануда, ол үшін балабақшада қажеттінің бәрі бар – әуен, дене шынықтыру және сауықтыру залдары. Сондай-ақ, бейнелеу өнері, дизайн, психолог және логопед кабинеттері жұмыс істейді. ⠀ Мекеме барлық мектепке дейінгі мекемелер сияқты бірдей режімде жұмыс істейді. Кезекші топтар балаларды қабылдау сәтінен бастап жұмысын бастайтын болады. Кезекші топтарға 150 бала (1 топта 15 баладан) бара алады. ⠀ Естеріңізге сала кетейік, балабақшаға кезекке тұру үшін өтінішті «Индиго24КЗ» - https://indigo24.kz/ru автоматтандырылған қызметі арқылы беруге болады. Сайттан мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары өздерін қызықтыратын барлық ақпаратты таба алады.
