Партиялық бақылау жасалды
Бүгін «Nur Otan» партиясы Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев және Талов ауылдық округінің әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиев аталмыш ауылға қарасты Майтүбек елді мекенінде өткізіліп жатқан ауыз су құбырының құрылысына партиялық бақылау жасады. Су құбырының құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылуда. Келісімшарт бойынша құрылыс жұмысының құны 238 млн. теңгені құрап отыр. Мердігері — Талдықорған қаласының «Көлсай» жауапкершілігі шектеулі серіктемтігі. Құрылыс жұмыстары 1 мамырдан бастап басталды. Жоспарға сай қыркүйек айында аяқталуы керек. Жалпы жоба бойынша аталған елді мекендегі екі әлеуметтік нысан мен барлық тұрғын үйге ауыз су құбыры жүргізіледі. Су құбырының ұзындығы 3,2 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда мердігер екі ұңғыма су құдықтарын қазу жұмыстарын аяқтап, елді мекенге дейін 1,4 шақырым су құбырын өткізіп, ауыл ішілік жұмыстарын бастады. Құрылыс жұмыстарына сегіз адам, соның ішінде жергілікті жерден екі адам тартылған. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына ауыл адамдарын тартуға келісім бар.

