Партиялық бақылау комиссиясының «Білім» бағыты бойынша отырысы өтті
Комиссия отырысында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында техникалық білім беру ұйымдары түлектерін жұмысқа орналастыру жайы талқыланды. Онлайн шарада Орал қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты, жоғары аграрлық колледжінің директоры Серік Мухамбеталиев техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын тәмамдаған мамандарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті екенін айтты. Мәслихат депутаты колледж студенттерін қосымша мамандық бойынша оқытудың маңызы жөнінде тоқталды. Республикалық «Жас маман» жобасы аясында жоғары аграрлық колледжде ілкімді шаралар қолға алынған. «Студенттерді өндіріс саласында тәжірибеден өткізу маңызды. Жас маман кәсіби тұрғыда шыңдалып, жетіле түседі. Кәсіпорындар мен өнеркәсіп ошақтарында білікті мамандар даярлау күн тәртібінен түспейді», – деді Серік Мухамбеталиев. Комиссия отырысында онлайн байланыс арқылы колледж түлектері мен партия белсенділері жастар арасында бағдарлама тетіктерін кеңінен насихаттау, жұмыссыз жүрген мамандарды өндіріс орындарына тартуға байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. @ Oral, Kazakhstan
