Партиялық бақылау комиссиясы тексеріс жүргізді
Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат Қазақбаев Оспан Дәденұлы "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясымен бірігіп шұғыл түрде Мұнайлы ауданына барып, аудан әкімшілігінің өкілдерімен кездесті. Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылының Бесшоқы, Шерқала, Айрақты тұрғын үй массивтеріндегі барлығы 200-ге тарта тұрғын үйлерге табиғи газ тартылмаған. Тұрғындар үш жылдан бері тоқ пеш қосып, үйін жылытып келген.
Аудан әкімшілігі өкілдерінің айтулары бойынша бұл жерлер қосалқы шаруашылық үшін берілген. Оған тұрғындар үй салып алған. Бірақ аудан әкімшілігі тұрғындарға газ тартып беруге жобалық-сметалық құжат жасақтап, жобаны аяқтап жатқанын айтты. Жауаптылар, екі апта ішінде барлық тұрғындарға газ тартып беретіндіктерін жеткізді.
Партиялық бақылау комиссиясы аталған мәселе облыстық партия филиалының бақылауында болатынын ескертті.





