Партиялардың сайлауалды үгіт насихат жұмыстары қызу жалғасуда
Партиялардың сайлауалды үгіт насихат жұмыстары қызу жалғасуда. Бүгін «Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штаб мүшелері жер-жерді аралап, өздерінің сайлау алды бағдарламаларын кеңірек насихаттап оралды. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Айгүл Нұркина және облыстық маслихатқа кандидаттар Света Әбдраманова, Серік Садвакасов Екібастұз халқымен кездесті. ⠀ Ең әуелі олар еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі «Богатырь Көмір» ЖШС-не барды. Партияның жеті бағытының бірі ол - ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫ ӨҢІР. Экономика тұрақты болса, халықтыңда жағдайы жақсаратынын бәріңіз білесіз. Павлодар облысы - Қазақстанның негізгі экономикалық дамыған индустриялық орталықтарының бірі, онда өнеркәсіпте тұрғындардың 23%-ы жұмыс істейді. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар, облыста жыл сайын білікті жұмыс күшіне сұраныс артып келеді. Бүгінде 3 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. ⠀ - Болашақта өнеркәсіпті дамытуда отандық өндірушілерді қолдауға, бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын өнімдер шығаратын жаңа өндірістер ашуға баса назар аударылатын болады,-деді өз сөзінде Айгүл Қабдешқызы. Сондай-ақ, ол «Богатырь Көмір» ЖШС-ның еліміздің экономикасын тұрақтандырып, халықты жұмыспен қамту жолында үлкен үлес қосып отырғандығын тілге тиек етті. ⠀ Ал, кездесуге келген кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген сауалдарын ортаға салды. Мәселен, бірі бүгінде қоғамдық көліктерде мүгедек жандардың кіріп шығуына арналған арнайы қондырғы жоқ екендігін айтып, осы мәселені назарға алуға өтініш білдірсе, екіншісі жастардың баспаналы болуына тиімді жағдай қарастыруды сұрады. ⠀ Өз кезегінде Айгүл Қабдешқызы жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарды мұқият тыңдап, алдағы уақытта түйінді мәселенің оң шешімін табуға өз ықпалын тигізетіндігін айта келе, алдағы сайлауда белсенділік танытып «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.
