Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Парақор полковник әріптестерін ұятқа батырды

Ағымдағы жылғы 29 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, қалалық және аудандық қорғаныс бөлімдерінің басшылары және мамандарымен кездесті.
Департамент қызметкерлері жиылғандарды 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына күшейтілген жауапкершілік, заңнамаға енгізілген өзгерістер, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында көзделген іс-шаралар туралы ақпараттандырды.
Айыпты тұлғалар лауазымына қарамастан, олардың заңды бұзғандары үшін міндетті түрде жазаланатындықтары да сөз болды. Осы орайда, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған жемқор және қылмыскер жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары, әскери қызметтегі лауазымды тұлғалардан бірқатар мысалдар да келтірілді.
Тақырыптың өзектілігін атап өткен әскерилер, заңнаманың жаңғыртылуы, еңбекақының артуы жөніндегі және жоғары билікте жасалатын жемқорлық қылмыстар туралы мәселелерді көтерді.
Ал кездесу барысында көрсетілген бейне роликтер, жемқорлық пен заңды аттап басудың қоғамға тигізетін зиянын талқылауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, Департамент қызметкерлері ағымдағы жылғы мамыр айында пара ретінде 1 мың АҚШ долларын алған, Петропавл қ. қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Д.Б. Ғабдулинге, Қостанай гарнизонының әскери соты параның 60 еселік сомасы, яғни 11 млн 148 мың теңге айыппұл тағу және жеке мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарғандығын хабарлады. Енді ол, өмір бойы мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және Қарулы күштеріндегі ұйымдастыру-басқару қызметімен байланысты, мемлекеттік лауазымдарында қызмет ете алмайды. Жаза, аталған жемқорлық әрекетке жол берген барлық қатысушыларға да қатысты болды.
Қорғаныс жүйесіндегі лауазымды тұлғаның парамен ұсталу фактісі – департаменттің кадрлық саясатындағы өрескел олқылықтарды білдіреді. Сондықтан, әскери қызметкерлер арасындағы жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу түгіл, өзге де мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын бұзушылықтарды болдырмау үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттілігі айтылды.
Д.Б. Ғабдулиннің жемқорлық қылмысына баға берген қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Т.Қ. Бидайбеков, әріптесінің әрекеті оның әскери мансабына балта шабумен қатар, халықтың мемлекеттік орган қызметкерлеріне деген сенімін жоғалтатындай етіп, елдің қорғанысын қамтамасыз ететін әскери қызметке және департамент беделіне нұқсан келтіргендігін атап өтті. Ал әскерилер болса, заңдылықты қатаң сақтаулары тиіс.

0
0
312

Осы тақырып бойынша

Парақор полковник әріптестерін ұятқа батырды - Yvision.kz