Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Оян, Ұлы елдің ұрпағы!

Оян, Ұлы елдің ұрпағы!

Ат төбеліндей қазақтың, әлемнің 9-шы бөлігіне ие болуы, ата-бабаларымыздың шексіз ерлігінің нәтижесі! Ұлы далаға - Ұлы халық қана ие бола алады! Сол ата-бабаларымыз қалдырған шексіз байлық, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатыр. Ата-бабаларымыз ат жалында, қан кешіп жүріп мұраға қалдырғанда, «Ұрпағымыз өз күнін, өзі көре алмай сорласын», - деп қалдырған жоқ. Ұрпақтың емін-еркін өмір сүретін жарқын болашағы үшін қалдырды. Егемендік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, дүние жүзі қызығып отырған байлықтың үстінде отырып, көп балалы аналар, үйсіз-күйсіз қаңғып жүр. Жұмыссыздық жыл санап көбейіп келе жатыр. Әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға жүйелі көмек берудің орнына, билік оларды, «масыл», деп қорлауға көшті. «Кризис» деген сылтаумен «бишара» банкирлерге жүздеген миллиард ақшаны үкімет қиналмай-ақ тегін беріп жатыр. Соның салдарынан банктер экономиканы қаржыландыруды тоқтатуға айналды. Оның дәлелі, үстіміздегі жылдың 15 шілдесінде мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың, Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде, бірінші жарты жылдықта банктердің несие беру мөлшері ішкі жалпы өнімге шаққанда 23%-дан, 20%-ға дейін төмендегенін, ал 2006 жылы мұнай бағасы қазіргідей болып тұрғанда банктердің экономиканы қаржыладыруы 40%-дан асқанын айтты. Яғни, банктер, халық игілігіне жұмсалуға тиісті қаржыны жатып жеуге көшкен.

Ал, көп балалы жанұялар өртеніп кеткенше ешкім керек қылмайды!

Сондай-ақ, шет елдік компаниялардың иелігіндегі өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылырдың жағдайы, гастербайтерлердің жағдайынан нашар. Жергілікті халық шет елдік жұмысшылармен тең еңбек ақы түгілі, жанұяларын асырауға тапқандары жетпей жүр. Халықты осындай күйге жеткізген, саяси билікте отырған басшылардың, халықтың жағдайын жақсартуды ойламай, өз байлықтарын көбейтуге ғана мүдделі болуында. Яғни, бүкіл халық басындағы ауыртпалық – жемқорлықтың салдары. Оның дәлелі, жоғарғы билікпен келіспей қалған саяси басшы, бір түнде шет елге қоныс аударып, аяқ астынан сол елдің ең бай адамдарының бірі болып шыға келеді. Демек, жемқорлық тоқтатылса, бүгінгі Қазақстанның байлығы, әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға ғана емес, бүкіл халықтың өмірін жақсартуға жетеді! Мемлекетте қазақстандықтардың жағдайын, Финляндия, Голландия, Швейцария халықтарының өмір деңгейіне жеткізетін мүмкіншілік бар. Ол үшін, «жемқорлықты жою керек», деген құр құрғақ сөз жеткіліксіз! Жемқорлықты жоюға бағытталған нақты іс керек!

Ия, ащы шындықты айтатын уақыт жетті! Себебі, халықтың екінші президентке артқан сенімі бұлыңғырлана бастады. Оның дәлелі, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөзі мен ісінің тоғыспай жатқаны...

«Мемлекет жемқорлықпен оны толық жойғанға дейін күресуі керек», - деп айтты президент Тоқаев үстіміздегі жылдың 20 мамырында өткен мемлекеттік мекемелердің басшыларымен өткен жиында. Бұл, қасқырға, «қой жейтін жыртқыштарды жою керек!» деп нұсқау берумен тең көрініс. Себебі, біріншіден, ол басшылар бұндай «сөзді» бірінші рет естіп жүрген жоқ. Екіншіден, ешкімге нақты бағытталмаған, ешкімге жауапкершілік артпайтын сөзді ешкім құлағына да ілмейтіні белгелі. Ал, жемқорлықпен күресуге тиісті Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мемлекеттік қызмет агенттіктері, жемқорлыққа қатысы жоқ сияқты үн-түнсіз жатыр.

Жалпы, жемқорлық деген жеңу мүмкін емес бір құбыжық сияқты көрінеді. Бірақ, жан-жақты зерттеп, қолға алса, қысқа уақытта жемқорлыққа тойтарыс беруге болады. Жемқорлықпен күресте сотталған жемқорлардың көптігі мақтанарлық жетістік емес. Керісінше, ол жемқорлықпен күресте жіберілген үлкен кемшілік. Себебі, мемлекеттік қызметкерді, мемлекеттің мақсаты үшін ынталандыра алмау – мемлекеттік жүйенің кемшілігі.

«Азаматтық қоғам орталығы» Қоғамдық бірлестігі өз тарапынан, жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде жасалған, сыбайлас жемқорлықты тез арада шешуге бағытталған бағдарлама ұсынғалы отыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, мемлекет қаржысын үнемдеп, қысқа уақытта, 1,5 – 2 жыл ішінде жемқорлықты жоюға бағытталған.

Өкінішке орай, Бірлестіктің осы бағдарламаны Ұлттық келісім кеңесінің (Кеңес) талқылауына ұсыну үшін Кеңес хатшысы Е.Қаринге жазған хаты қараусыз қалды. Қарин Бірлестіктің ұсынысын Кеңес отырысының күн тәртібіне қоюдың орнына, «қаралды» деген жалған ақпаратты «егов» порталына тіркеген. Яғни, президент кеңесшісі, мемлекет басшысы Тоқаевтың, «естуші мемлекет» деген саясатына қарсы шығып отыр.

Ал, «халықтың пікірін білу» үшін құрылған Ұлттық келісім кеңесін мемлкет басшысы өзінің сайлау алды бағдарламасын іске асыруға арналған жұмыс күшіне айналдырды. Сонда халықтың мойнында отырған президент әкімшілігі, үкімет, билік партиясы не үшін қажет, егер мемлекет басшысының бағдарламасын іске асырумен Кеңес мүшелері айналысатын болса?!

Қорыта келгенде, мемлекет басшысы тарапынан жақын уақытта халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі нақты іс-қимыл байқалмайды. Яғни, бұқара халық тарапынан талап болмаса, жағдай құлдырай беретіні сөзсіз.

Сондықтан, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған төмендегі талаптарды орындауды Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаевтан халық болып талап қоюды ұсынамыз. Яғни, сөзден нақты іске көшетін уақыт жетті!

1.Жемқорлық тоқтатылсын! Жемқорлықты жоюға бағытталған нақты істер жоспары халық талқылауына ұсынылсын.

2.Мемлекеттік бюджет, әр бағдарлама, әр сала, әр мемлекеттік мекеме бойынша қаржы шығысы қоғамдық сараптамадан өткеннен кейін ғана бекітілсін және оның орындалуы да қоғамдық бақылауда болсын.

3.Әрбір саяси басшы өзінің кірістерін жыл сайын жарияласын.

4.Көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға, зейнеткерлерге, ұстаздарға, дәрігерлерге т.б. жүйелі көмек беру (баспана, жәрдемақы т.б) туралы заң дайындалып, халықтың талқылауына ұсынылсын.

5.Шет елдік инвесторламен жасалынған келісім-шарттар жариялаланып, жерглікті жұмысшылардың, мамандардың жағдайын жақсартуға бағытталған өзгерістер кіргізілсін.

6.Шет елдік инвесторлардың қатысы бар өндірістердің түсімін бөлісу туралы, жергілікті мамандар мен жұмысшылардың мүддесін қорғауға бағытталған заң жобасы дайындалып, халық талкылауына ұсынылсын.

7.Ірі өндіріс орындарында (мұнай, мыс, темір, т.б. өнім өндіруші мекемелер) техникалық қауіпсіздікті, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмстық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасалынып, халық талқылауына ұсынылсын.

8.Отандық кәсіпкерлерді жаңа технологияларды игеру мен жаңа жұмыс орнын ашуға ынталандыруға бағытталған іс-шаралар жоспары құрылып, халық талқылауына ұсынылсын.

9.Қ.Келімбетов Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған уақытта банктермен сыбайласа зейнетақы қорынан желінген халықтың 19 млрд теңге қаржысы қайтарылып, осы қылмысқа қатысты тұлғалар жауапқа тартылсын.

10.Қазақстаннан заңсыз қаражат шығарған мемлекеттік қызметкерлер тізімі жарияланып, қаражатты қайтару туралы нақты іс-шаралар жоспары халық талқылауына ұсынылсын.

11.Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайын «тоқырау» деп жариялап, одан шығу жолдары туралы жоспар халық талқылауына ұсынылсын.

12.Үкімет дайындаған барлық бағдарламалар мен реформалардың жобасы халық талқылауына ұсынылсын.

13.Халықтың есебінен банктердің пайда көзін «ұлғайту» тоқтатылсын.

14.Банктерге «кризиске қарсы көмек» деген сылтаумен бөлінген барлық қаражат қайтарылып, «Бұқара халыққа көмек беру» қоры құрылсын.

15.Тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен кризиске төтеп беретін тұрақты экономика қалыптастыру жолдары анықталып, іс-шаралар жоспары халық талқылауына ұсынылсын.

Бұл ұсыныстарды талқылап қана қоймай, қамтылмай қалған, қоғамға, халыққа қиыншылық туғызып отырған жүйелі мәселелрді көтеруді ұсынамыз. Себебі, бұл нағыз халықтық кеңес. Халық кеңесіне үн қосыңыздар!

Біз, көшеге шығып, билікке қарсы күш көрсетіп, мемлекет басшысын орнынан кетіруге шақырмаймыз!

Біз, халық басындағы қиыншылықтарды саралап, тығырықтан шығу мүмкіндіктерін жүйелеп, орындалуын мемлекет басшысынан талап етуге шақырамыз!

Бұл ұсыныс халықтың мұң-мұқтажына жоғары биліктің көңіл бөліп, шешімін табуға көмегін тигізеді.

Соныме бірге, әрбір қазақ, отандастарымыз – басқа этнос өкілдерінің қамқоры болуы керек!

Алға, Ұлы елдің ұрпағы!

Ұрпақ үшін үн қос, пікір айт, тарат достарға (репост)!

«Азаматтық қоғам орталығы»

Қоғамдық бірлестігі

30.10.2019 ж.

1
0
2075

Осы тақырып бойынша