Қостанайда "Мирас" аймақтық кеңесінің отырысы өтті
Іс-шараға Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі және ішкі саясат басқармаларының өкілдері, «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын барысында күн тәртібіндегі екі мәселе қарастырылды, ол Қостанай облысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы, және Қостанай облысында 2019 жылы және 2020 жылдың 10 айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы жайында.
Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отыратыны ақиқат. Былтырғы жылдың аяғында елімізде Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын.
Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлжан Мендекинованың айтуынша бағдарламаның мақсаты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Тілдерді дамыту басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасы іске асыру бойынша жауапты орган болып келеді. Бұл арнайы жоба жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде жүзеге асырылады. «Облыста тілдерді оқыту инфрақұрылымы жасалған. Бүгінгі күні облыс бойынша заманауи оқытудың әдістемелік және техникалық құралдарымен қамтылған 20 тілдерді оқыту орталығы бар. Олардың базасында 8346 адам оқиды, оның ішінде: қазақ тілін үйренушілер – 6370 адам, ағылшын тілін үйренушілер – 1791 адам, этникалық топтардың тілдерін үйренушілер (7) – 185 адам», – деді Гүлжан Мендекинова.

Ізімен, Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы идеологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Құлмағамбетова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс барысымен таныстырды. Бағдарламаны іске асыру бойынша 2020 жылға арналған облыстық іс-шаралар жоспарының негізіне тұлғаны дамыту, ұлттың дамуы және халықаралық ілгерілету, мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қауымдастықты дамыту сияқты үш бағыт бойынша 147 іс-шара енгізілген. Жалпы 2020 жылы бағдарламаның барлық бағыттары бойынша құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 148 жоба іске асырылды.
Жиын барысында аймақта мемлекеттік тілді дамыту

мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында жүйелі ұсыныстар жасалды. Кеңес мүшелері көкейде жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын талқылады.
Мысалға, кеңес мүшелері Нәзира Жәрімбетова және Алмасбек Әбсадықов аймақта мемлекеттік тілді дұрыс қолданбағандығы үшін тек ұсыныстар, ескертулер берумен ғана шектеліп қоймай, жазалау, айыппұл тағайындау құқығы бар тіл мәртебесін көтеруге септігін тигізетін өңірлік комиссия құру туралы ниет білдірді.
Сондай-ақ аймақтық кеңес мүшесі Марғұлан Бәкір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Торғай өңірінде ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлаумен айналысатын арнайы орта білім беру ошағының бой көтеруін тілге тиек етті.
Осы және өзге де көтерілген мәселелер «Мирас» аймақтық кеңесінің жіті қадағалауында болмақ.
