Қостанайда Хәкімжан Наурызбаев ескерткіші ашылған еді

2019 жылғы 17 тамыз күнгі сағат 12.00-де Қостанай қаласында қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хәкімжан Наурызбаевқа ескерткіш ашылады. Ескерткіш Қостанай шаһарындағы Алтынсарин және Пушкин көшелерінің қиылысында бой көтермек. Осы ретте, Айгужина Балдырғанның Хәкімжан атамыз туралы материалын беруді жөн көрдім: "Хәкімжан Есімханұлы Наурызбаев - қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі, ұстаз, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Тарихи тұлғалардың мүсіндерін сомдауда зор табыстарға жеткен. Ол әр тұлғаның бейнесін, жан дүниесін психологиялық тұрғыдан тереңірек ашуға ұмтылды. Осы салада қажырлы еңбек еткен, жан - жақты зерттеулер жүргізген мүсіншінің өмір жолы өнегелі істерге толы. Хәкімжан Наурызбаев 1925 жылы 27 тамызда Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Ұлыкөл ауылында дүниеге келген. Руы - Тарышы-керей, Матақай, оның ішінде, Сейтімбет атасы. Өзінің өнерге жастайынан құштар болып өскендігін ол: «Кішкентайынан еті тірі боп өскен әкеміз Есімхан өнер атаулыдан да құралақан емес екен. Ағаштан түйін түйген шебер, ептеп мал сырқатын қарайтын дәрігерлігі де болған. Анам Рақыш шебер тігінші кісі болатын. Ескіше, мұсылманша сауатты бар кісі мені еркелетіп өсірді. Ата-ана балаға сыншы болады ғой, - ол кісі үнемі маңындағыларға: «осы балам ерекше, бұған пайғамбардың нұры жауған, аман болса елеулі азамат болады» деп еске алады. Өзінің мүсіншілік өнерімен әуестенуін ол: «мен бала кезімнен қыста қардан, жазда балшықтан түрлі мүсіндер жасаудан бастағанмын. Дұрыс жасалмай, қисық болып шықса немесе тез қирап қалса, мойымайтын едім. Керісінше, мүсінін бекітетін жолдарын іздейтінмін. Асыр салып ойнап жүрген құрдастарының кейбіреулері менің бұл ермегін «бос әуре» деп санайтын. Сонда да ерінбей ертеден кешке дейін қыста қолымның тоңғанына қарамай, жазда үстім балшық-балшық болып, ас ішуді де ұмытып, маңайдағы мал-жанның мүсінін айнытпай жасауға тырысып бағатынмын. Көбіне ұқсай да бермейтін. Бірақ мен бұл кәсіптен жалықпай, оны жетілдіре түсуге тырысатынмын»,- дейді мүсінші сонау балауса шақтарын еске алған шақтарында. Сұм соғыстың алғашқы жылдарымен тұспа - тұс келген мүсіншінің балалық шағы бақташының, темірші - ұстаның ауыр жұмыстарын істеумен өтеді. Оның шебер болып қалыптасуына бұл жағдайдың да әсері болды дей аламыз. Ұзақ күн мал бағып, далада жүрген бала жігіт табиғат әсемдігін танып, сұлулықты бойына сіңіріп өсті. Ал темірді қалағанынша балқыта иіп, ұсталықпен айналысуы түрлі мүсіндерді соғуға машықтандырады. Жастайынан жетімдіктің азабын тартқан Хәкімжан балалық шағында Қызылжардағы туысқандарының да тәрбиесін көреді. Алайда, кейін орта мектепте оқып жүрген кезінде де қолы қалт ете қалса, бала күнгі кәсібі - мүсін жасау ісін ермек етеді. Оқушысының бейнелеу өнеріне бейімі бар екендігін аңғарған ұстаздары да оған осы салаға қатынасты түрлі тапсырмалар береді. Осының арқасында жас мүсіншінің қолынан шыққан туыдылар тек ауылы ғана емес, өз ауданының аумағына да тарала бастайды. «Мүсінші бала» атанған Хәкімжан туралы хабар біртіндеп облысқа да жетеді. Ондағылар да Хәкімжанның қолынан шыққан бірнеше мүсінді танысу үшін Қостанайға арнайы алдырады. Өнерге деген талпынысын сезген үлкендердің көмегімен, дәлірек айтсақ, 1942 ж. Ұзынкөл ауданына келген сол кездегі Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы, халқымыздың біртуар ұлы Нұртас Оңдасынов оны Алматыдағы көркемөнер училищесіне шақырады. Мәскеудегі суретшілер дайындайтын арнайы мектепте білім алып, өнердің басқа да қыр-сырымен танысады. Кейіннен 1943 жылы Алматының көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Осы училище қабырғасында жүргенде Украин суретшісі Ольга Николаевна Кудрявцеваның шеберханасында сабақ алады. Сол кісінің кеңесімен 1945 жылы Харьков көркемсурет институтының мүсін факультетіне оқуға түседі. 1951 жылы институтты бітірген соң отанына оралады. Мүсінші маманның творчестволық жолы Алматы қаласында басталады. ХХ ғасырдың 50 - жылдарынан бастап өмірінің ақырына дейін еліміздің мәдениетіне өз үлесін қосып, табиғат дарытқан қасиетті өнері арқылы туған жұртына қалтқысыз еңбек етті. Хәкімжан Наурызбаев өткен замандағы біздің тәуелсіз еліміз үшін еңбек еткен, ұлт болашағы үшін жанын қиған ел қайраткерлерінің бейнесін жасап, кейінгі ұрпаққа ескерткіш қалдырды. Қола граниттен жасалынған «Абай»ескерткіші Алматы қаласында, шойын граниттен «Жамбыл» ескерткіші Тараз қаласында, қола граниттен «Шоқан Уәлиханов» ескерткіші Алматы қаласында, қола граниттен «Мәншүк Мәметова» ескерткіші Орал қаласында қойылып, орталық көшелерінде тұр. Хәкімжан атамыз Н.Алдабергенов, С.Сейфуллин, М.Хакімжанова, С.Қожамқұлов, Ы.Жақаев, Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, т.б. қазақтың көрнекті қайраткерлерінің тұлға-мүсіндерін жасады. Қостанай облысындағы Амангелді кентінде Амангелдінің, Жанкелдин ауданы орталығына қола граниттен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткіштерін орнатты. 1952-1954 жылдары Қазақстан Суретшілер одағын басқарды. 1961-1965 жылдары КСРО Лениндік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. 2007 жылы Қазақстан Жомарттар клубының «Тарлан» сыйлығын алды. Ал, медальдары, мақтау грамоталары, алғыс хаттары бір төбе. Абзал атамыздың еңбекқорлығы, адамдарға әсіресе өнер жастарына қамқорлығы, сыйластығы ерекше болған. Хәкімжан Наурызбаевтың басты ұстанымы - қазақ көкжиегіндегі ұлы тұлғалардың өз биігінен төмендемеуін сақтап қалуы. Халық құрметіне бөленген абзал азаматтарды ардақтап есте қалдыруға атсалысу. Әрине, ол үшін адамның жеке қадір-қасиетіне тән ерекшелігін қара тасқа дарыту. Хәкімжан атамыз сомдаған мүсіндер кешегіден бүгінгіге тағылым шертеді. Бұл ерекшелікті Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясының алдында бой түзеген Шоқан Уәлихановтың ескерткішінен де айқын аңғаруға болады. Ағартушы ғалымның ұлт болмысы туралы айтқан кесек-кесек ойлары мен ұлт болашағы жайлы жан толғаныстарын қара тасқа «сөйлету» екінің бірінің пешенесіне бұйыра қоймаған бақыт. Мүсінші ең бастысы, адам жанына үңіле біледі. Мәншүк Мәметованың ескерткіші де сәтті қашалып, туған жер ұрпақтарының тағылымды тас мүсініне айналды. Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың бейне-бедерінен мүсіншінің шеберлігі айқын аңғарылады. Пішіннің ерекше келбетін сақтай отырып, терең адамгершілікке толы ішкі сыры мен оның актерлік жан әлемін тартымды бейнеленген. Мүсіншінің еңбегі әріптес мамандардың тарапынан да лайықты бағаланып, Бүкілодақтық Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Хәкімжан аға сөз реті өзіне келгенде әдеттегідей қарапайымдылық танытып: «Жасаған дүниеміз халқымыздың көз қуанышына айналса, одан артық қандай сыйлық болмақ. Ал лауреаттық атақ ізденісіміздің бір өлшемі болар, сондықтан оны келер күндердің еншісіне қалдырайық», – деуден танбайтын.Хәкімжанның бұл қылығына деген ренішін жасыра алмаған Мұхтар Әуезов: «Айналайын-ау, бұл саған ғана емес, еліңнің мәртебесі үшін де керек құрмет еді ғой», – дегенде, Хәкімжан аға: «Уақыттың өлшемі де керек, ал бәрі де кезеңінде «базарлы ғой»,-дей салған. Заманның сырын нәзік түсініп, тың ойларын, асыл армандарын жүзеге асыру жолында бойындағы бар қабілетін аямай жұмсаған еді. Өзінің осындай борышын болашақ суретшілерді тәрбиелеу жолында да аяған жоқ. Туған жері – Ұзынкөл аудан орталығында 2010 жылы наурыз айында бұрынғы «Набережная» көшесі «Хәкімжан Наурызбаев» көшесі болып аталды. Балшықпен сомдау өнерінде ерекше қолтаңбасын қалдырған, халқымыздың тұңғыш мүсіншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хәкімжан Есімханұлы Наурызбаев 2009 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Мүсін өнерінің шебері,тамаша талант иесі Хәкімжан Наурызбаев - қайталанбас өнер туындыларын сомдаумен бірге «шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, өзінен кейін қазақ өнерін жалғастырып дамытатын кәсіби мамандар белгілі мүсіншілер, көптеген дарын иелерін тәрбиелеп шығарған ұстаз. Және асқан дарын иесі өнер әлемінде мәңгі өмір сүре бермек және оның өнері ұрпаққа мұра болып сақталады.".
