Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін үйретудің жаңартылған әдістемесі

 
Соңғы кездері орыс мектептерінде оқитын балалардың 11 жыл бойы қазақ тілін тиісті деңгейде меңгере алмайтыны жөнінде түрлі әңгіме айтылып жүр. Әлбетте, әр оқушымен жеке жұмыс істеу жетпей жатқан болуы мүмкін. Дегенмен, кеңінен қарасақ мәселенің түйіні мектептердегі тілді оқытудың қазіргі әдістемесінің оңтайлы еместігімен байланысты. Оқулықтардың дұрыс-бұрыстығын анықтап, талдау жасап беретін жүйенің болмауы да аса өзекті мәселе болып отыр. 2017 жылы министрлік бұл бағытта үлкен жұмысты қолға алды: бұдан былай орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілі жаңа әдістемемен өткізілетін болады. 

Әдістеменің негізі 

Жаңа әдістеме оқушыларға қазақ тіліндегі белсенді, яғни жиі қолданылатын сөздерді үйрету арқылы олардың сөздік қорын бірте-бірте көбейтуге бағытталған. Осылайша - оқыту процесінде алдымен белсенді қолданылатын сөздерге назар аударылады да, содан кейін ғана сирек қолданылатын сөздер үйретіле бастайды. 

Әдістемені енгізу кезеңдері 

1. Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі жасалып, онда белсенді лексика аймағына қатысты сенімді мәлімет берілді, яғни қазіргі заманғы қазақ тілінде жиі қолданылатын сөздер анықталып, сондай-ақ әрбір жеке сөздің жиілігі көрсетілді (сөздік математикалық әдіске сүйене отырып жасалады, осылайша қазіргі тілдің белсенді лексикасын бұрынғыдай әрбір оқулық құрастырушы автордың жеке бақылауына сүйеніп емес, сөздіктің көмегімен ғылыми негізде анықтауға мүмкіндік жасалды); 

2. Жиілік сөздіктің негізінде лексика-грамматикалық минимум (ЛГМ) жасалады, бұл – оқулық авторларына қандай да бір сөзді қашан, қалай, қандай көлемде дұрыс меңгеруді - және қай сөздермен сабақтастырып игертуді, сондай-ақ грамматикалық білімдерді түсіндіретін құжат; 

3. ЛГМ баспалар мен оқулық авторларына таратылады, бұл оқу базасын жаңа әдістемеге сай жаңарту үшін керек. 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар Мұратқызы Фазылжанова бұл жөнінде былай дейді: «Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелік платформасын жасау жөніндегі идея дұрыс әрі қажет. Бұл орайда біз министрді қолдаймыз. Тілтанушылар қазіргі қазақ тілінің белсенді сөздік қорын көрсететін жиілік сөздіктің керектігін айтып жүргелі біраз болды. Бұл сөздік – тілтанушылардың тілдегі құбылыстарды талдауы, статистикалық фактілері зерттеуі, тілтанымдық ізденістерге қажетті эмпирикалық базаны қалыптастыруы үшін ғана емес, сонымен бірге әдіскерлерге, оқулық авторларына, оқытушылар мен мұғалімдерге қазіргі кезде қандай лексиканың маңызды екеніне назар аударту үшін еде аса керек еңбек». 

ЛГМ-ның негізі болып есептелетін жиілік сөздік қалай жасалды? 

«Ең алдымен еліміздің мектептерінде оқитын орыстілді оқушыны елестете отырып, орың тілдік ортасына тән мәтін базасын жинақтадық. Қоғамдық ортада күн сайын кездесетін қазақ сөздерін, радио мен телеарнадан еститін, қазақтілді ақпарат құралдарынан оқитын сөздерді қамтитын мәтіндерді үлкен базасын жасадық. Сөздік осы мәтіндік базадан алынды», – дейді Анар Мұратқызы. 

Жиілік сөздікті жасау үшін оқушының күнделікті тілдік ортасында естіліп, айтылатын, қолданылатын қазақ сөздерін тілдің барлық стильдеріне қатысты мәтіндерден алдық, әсіресе оқу дискурсына ерекше мән берілді (барлығы 7 миллионнан астам сөз-қолданыстан, яғни арасы босаралықпен ажыратылған сөздерден тұратын база жиналды): 

- 2,5 миллион сөзқолданыс ғылыми стильдегі (орыстілді мектептердегі қазақ тілі, әдебиет және тарих оқулықтары, жаратылыстану бағыты бойынша қазақ тіліндегі бастауыш сынып оқулықтары) мәтіннен; 
- 746 мың сөзқолданыс көркем әдебиет стиліндегі мәтіннен (балалар әдебиеті және көркем әдебиет туындылары); 
- 465 000 сөзқолданыс сөйлеу стиліндегі мәтіннен (ауызша тұрмыстық қатынас); 
- 69 000 ресми іс қағаздары стиліндегі сөз қолдану (күрделі емес ресми құжаттар және Конституцияның негізгі баптары); 
- 669 000 сөзқолданыс публицистикалық стиль мәтіндерінен (балаларға арналған газет, журнал және телебағдарламалардың мәтіні, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» сияқты қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қазақ газеттері мен журналдарындағы мәтіндер); 
- 2 658 000 сөзқолданыс әр стильден аралас жиналған мәтіннен алынды. 

Осы мәтіндердің негізінде «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі» жасалды. Сөздік 36 000-нан астам сөзтізбелік бірліктен тұрады, онда олардың қазақ мәтіндерінде кездесу жиілігі мәтінді қамту пайызы көрсетілді. Сөздік – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары үлкен ұжымының зор еңбегі. Әсіресе филология ғылымдарының докторлары Асқар Жұбанов пен Айман Жаңабекованы ерекше атауға болады. Сонымен бірге бұл еңбекті дайындау барысында Институт жастары үлкен тәжірибе жинақтады. 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінің жетекшісі Асқар Жұбанов сөздікті құрастыру кезіндегі техникалық процесті былайша түсіндірді: «Алдымен барлық мәтін жинақталады, бір ретке келтіріледі, артық символдар мен суреттерден тазартылады, содан кейін арнайы бағдарлама әр сөздің санын және қайталануын (жиілігін) санап шығады. Бұл процесс белгілі бір алгоритм бойынша жүреді. Морфологиялық талдау бағдарламасының көмегімен сөздің жалғауы мен жұрнағын алып тастап, түбір сөзді шығарып аламыз (сөздің бастапқы мағынасы). Талдау бағдарламасы бұл кезде лингвист ғалымдар жасаған 15 томдық сөздіктен тұратын екінші бағдарламаға жүгінеді. Оның міндеті – сөздің қай тапқа жататынын анықтау. Сөздің түп негізін анықтаудың бұл тәсілін Информатика институтының программист мамандары жасаған. Сөздік жартылай автоматтандырылған жүйе бойынша жасалғанын атап айтқан жөн». 

«Жұмыс жартылай автоматты түрде жүргізілгендіктен, лингвистер қыруар шаруа атқарды. Компьютер жеке сөздерді жинаған уақытта олардың түбірін ажыратпайды. Егер қазір компьютерге жекелеген сөздерді бір қатарға жинап, олардың жиілігін анықтау жөнінде тапсырма берсеңіз, ол барлық сөзтұлғаны жинап береді. Компьютер «іс-шараның» деген сөз бен «іс-шара» деген сөздің айырмасын көрмейді. Әр сөздің түбірі мен сөз табын анықтау үшін тілтанушы сөздерді қайта қарап, қосымша жалғанған бөлігін алып тастайды», – дейді Анар Мұратқызы. 

Тәжірибе жүзінде қалай жұмыс істейді? 

Қазақ тіліндегі ең жиі сөздесетін сөз – «бол» етістігі. Бұл сөз тек өзінің тура мағынасында ғана емес, сонымен бірге тілдік қарым-қатынас кезінде көмекші етістік ретінде де жүреді. Мысалы: «Сау болыңыз» және «Құтты болсын» сияқты коммуникативтік клишелерді жасауға да қатысады. Жиілік сөздіктің жүйесі бойынша, егер сіз «бол» етістігін, оның негізгі және көмекші етістік ретіндегі мағынасын білетін болсаңыз, онда қазақ мәтінінің шамамен 1,8% түсінесіз. Ал егер жиілік сөздіктегі осы бірінші сөзден бастап қатрынан тұрған 20 сөзді білсеңіз, онда қазақ тіліндегі мәтінді шамамен 12,9% түсінесіз. Бұл «бір топ сөздің мәтінде қамту пайызы» көрсетікіші арқылы белгілі болып тұр. Сөздікте осы көрсеткіш де есептеліп берілді. 

Жиілік сөздіктің 61 түрленімі бар. Тіл білімі институты сөздіктің екі түрін – Стильдер бойынша үлестірілім әліпбилік-жиілік және Жалпы жиілікті-әліпбилі екі түрін баспадан қағаз нұсқада, ал қалған 59 түрін сөздікке қосымша DVD таспаға электрондық нұсқада жазып шығарды. Осыдан кейін сөздіктің электронды нұсқасы институттың сайтына салынып, жалпыға қолжетімді болады. Лексика-грамматикалық минимум да солай жалпыға қолжетімді болмақ. 

Енгізу процесі: 

ЛГМ жобасы жасалып біткеннен кейін өткен жылдың желтоқсан айында НЗМ-ге берілген, онда сарапшылар сынақтан өткізеді, содан кейін оны енгізе беруге болады. НЗМ Сарапшылар комиссиясы 25 адамнан тұрады, олардың арасында тарихшылар, әдебиетшілер мен лингвистер, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері бар. Одан кейін ЛГМ оқулық шығаратын барлық баспаға жіберіледі, баспалар оны оқулық авторларына жеткізуі тиіс. ЛГМ-ға 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың сөздік қорын қамтитын 2884 сөз кірді. Осылайша, бұдан былай автордар оқулық құрастырған уақытта ЛГМ пайдаланады. 

Қазақ тілін үйретудің жаңа әдістемесін жасауға Абай атындағы ҚазҰПУ жетекші педагогика ғылымдарының докторлары мен педагогика және әдістеме бойынша мамандары қатысса, НЗМ, «Оқулық» орталығы, Шаяхметов атындағы үйлестіру-әдістемелік тіл дамыту орталығы сынды мекемелер де үлес қосты. Қазақ тілінің жиілік сөздігін жасауға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да қатысты.

 

   
0
0
2356

Осы тақырып бойынша

Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін үйретудің жаңартылған әдістемесі - Yvision.kz