Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Орындалмас тілек

Әке-шешенің балаға деген махаббаты шексіз,

оған ештеңе теңеспейді. Бірақ баланың көңілі ше?

Олардан қамқорлық, жылу іздейтін баланың махаббаты ше?

Ол да шексіз...

Жаза. Тісімнің түсуі, тілек айтқаным. Айманның ойынды бұзғаны. Әжемнің зейнетақысы. Айманның бетін шапалақпен ұрғаным. Балмұздақ. Жұмыскерлердің келуі. Қуыршақ. Орындалмаған тілек.

Ыдыстың сыңғырынан оянып кеттім. Әжем ас бөлмеде көже дайындап жатқан көрінеді. Жанымда жатқан Айман танауы төбеге қарап, аузы ашылып ұйықтап жатты. Мен арқамды жазып керілдім де, төсекке отырып, шашымды екіге айырып өре бастадым. Әжем бөлмеге басын сұғып қарады да, менің оянғанымды көріп, «ботам, алтыным,  ояндың ба» деп ас бөлмесіне кетіп қалды. Мен Айманды түрттім. Ол аузы ашылған күйі ұйықтап жата берді. Сосын ақырын бетін саусағымның ұшымен жыбырлаттым. Ол шыбын қаққандай қолымен бетін қағып өтті, мен саусағымды тартып қалдым. Келесі солай жасағанымда оянып кетті.

Таңғы асқа әжем сүтке пісірілген күріш көже дайындапты. Біз үшеуіміз теледидардан әжемнің күндегі «Байғұс Настя» атты телехикаясын көріп отырып көжені жедік.

- Сенің сүйікті тамағың ғой, иә? – деді әжем маған күлімдеп. Мен аузымдағы ботқаны шайнап отырып басымды шұлғыдым. Сосын қасығымды тәрелкенің ортасынан батырып тағы ботқаны аузыма салмақшы болып едім, әжем кенет ашуланды. – Солай жей ме екен? Әкелші, - деп қасығымды өзі алды да, ботқаның бетін тегістеп, жұқалап, көжені қасығыма салып берді. – Осылай бетінен жинап жейсің, - деп қасықты аузыма салды. Сосын ашуы тез басылды. – Құлыным-ау, ботқаның беті суып турады. Қасықты олай тығып жесең, аузың күйеді, - деді. Мен ендігәрі олай жасамаймын деп іштей өзіме ант бердім.

Көжені тауысқанымда Айман тәрелкенің ортасына жетіп, әрі қарай жемейтінін айтып басын шайқап отырды. Әжем әдетінше қасықты ұшаққа теңеп, Айманға бірінен соң бірін ұшыра бастады. Мен теледидар тұрған қонақ бөлмеде Айман екеуіміздің дивандағы төсегімізді жинай бастадым. Болғасын диванның жиегіне отырып, «Байғұс Настяны» көрдім. Ботқасын әрең тауысқан Айман тарақ ұстап қасыма отырды.

- Айманның шашын өріп бер өзіңдікіндей етіп, - деген әжемнің дауысы ас бөлме жақтан естілді. Мен «қазір» дедім де, «Байғұс Настяны» көріп отыра бердім. Айман жалбыраған шашымен бұрыштағы ойыншықтарын ойынға дайындап тізе бастады. Мен әншейінде ұнатпайтын «Байғұс Настяның» өмірін қызықтап көріп отырдым. Настя енді бөлмеге кіріп бара жатыр еді, көз алдымнан әжем шыға келді. – Осы сериал ма саған керегі? Неге шашын өрмегенсің? – деп Айманға нұсқады. - Мен ыдыс жуып болып жайбарақат келе жатсам... Неге өрмегенсің деймін саған?

- Сериал көріп ұмытып кетіппін.

- Ендеше, отыр осында, көр, көр, күні-бойы осы теледидардан бас алма. Әншейінде байғұстың үш тал шашын олай-бұлай тарап маза бермейсің. Мен сұрап едім, сериал көргің кеп қапты ғой? - деп тарақты алды да, Айманның шашын қатты-қатты тарап өре бастады. Мен айтқан сөздерін қалай қабылдау керектігін түсінбей, Айманның көзі жасаураған түріне қарап отырдым.

- Ауырттың, түу, - деп Айман бұлқан-талқан болып, ухілеп отырды. Сосын шашын өріп болған соң, маған қарап «жүр» деді. Мен әжеме қарап едім, ол Айманға жауап қатты:

- Зере сериалдарды жақсы көргендіктен, осында күні-бойы теледидар көріп отырады, - деді. Айман айтылғандарды түсінді ме, түсінбеді ме, әйтеуір ойыншықтарын алып, бөлмеден шығып кетті. Мен диванның жиегіне шынтағымды тіреп, теледидарға қарап, жағымды таянып отырдым. Уақыт резеңкедей созылды, өмірімдегі ең ұзын күн бүгін деп ойладым ішімнен. Болып жатқанның бәрі сандырақ түске ұқсады. Тілімді жыбырлатып, алдыңғы тістерімді итеріп көрдім, үстіңгі екінші тісім түсейін деп босап тұр.

– Жағыңды таянба, - деген әжемнің дауысынан селк еттім. Ойға батып, осы сәтте болып жатқандарды, менің жазаланып отырғанымды, әжемнің қасымда екені ойымнан шығып кетіпті. Тіліммен тісімді итеріп отырып едім, бір кезде ойсыз екі тіземді бір-біріне соғыстыра бастадым. Оған әжем мазасызданып, тағы ұрысып берді. – Былай аяғымды селкілдетіп отырсам жақсы ма? Жақсы ма екен? – деді. Бір уақытта қарасам, көзі ілініп кетіпті. Ақырын диваннан тұрдым да, сыртқа шығып, дәретханаға бардым. Артымнан еріп Айман да шықты. Далада күн көтеріле бастапты. Жаздың ыстығы, көк шалғын шөп, көктің иісі – осының бәрін көптен бері көрмегендей болдым. Дәретханадан шығып, үйге қайттым.

- Қашан ойнаймыз? – деді Айман күннен көзін сығырайта маған қарап.

- Білмеймін, түстен кейін шығар?! - деп мен саусағыммен ернімді басып, Айманға ақырын жүр деген белгі бердім. Әжем сол күйі әлі оянбапты. Мен диванға отырдым да, қайтадан сол тірлігіме бастым. Сырттан біреудің үйге кіргені естілді.

- Зәмзәгүл... Әй, Зәмзәгүл, - деп Бану әже үйге кірді.

- Мен мұндамын, кел, - деді әжем сол жатқан күйі құрбысын шақырып. Бану әже бөлмеге кіріп, креслоға отырды. Мен «Сәлеметсіз бе!» деп шынтағыма сүйкеніп отыра бердім.

- Кішкентайың қайда? Неге екеуі ойнамай қалған?

- Зере жазаланып отыр, - деп әжем пультпен теледидар арналарын ауыстыра бастады. Бану әже үйіне қайтып келген қызын, жұмыс істемейтін баласын, келінінің еріншектігін әңгімелеп отырды. Мен тілімді қойып, енді аузыма саусағымды тығып, босап тұрған тісімді әрі-бері жұлқылай бастадым. Бір кезде қырт еткен дыбыс шықты да, тісімді жұлып алдым. Қуанғанымнан орнымнан атып тұрып, тісімді көрсетіп мақтандым.

- Далаға шығып, «таудай бол» деп артыңа лақтыр, - деді Бану әже.

- Ой, біледі ғой. Бірінші түсіп жатқан тісі емес, - деді әжем. Мен рұқсатын күтіп бетіне қарадым. – Болды, жазаң бітті. Бар енді.

Тісімді лақтырып жатып, ішімнен тілек тіледім, «бүгін әке-шешем келсе екен» дедім.

Айман екеуіміз әдетімізше көшеге шығып, көрші Айдананың үйіне бардық. Үшеуіміз есігінің алдында отырып, құммен ойнадық. Бір кезде Жансая келді, одан кейін Фариза мен Баршагүл қосылды. Сөйтіп, құммен ойынды қойып, тығылмақ ойнайтын болдық. Айдана «алма кетті домалапты» санап, Баршагүл көзін жұматын болды. Ол отызға дейін санап болғанша, бәріміз жан-жаққа бытыра қашып тығылдық. Айдана екеуіміз мал қораның артқы қабырғасына тығылдық. Айман екеуіміз әдетте бірге тығылатын едік, бұл жолы ол өзі тығыламын деді. Айдана екеуіміз сол отырған жерде отырдық. Айман әрі жүгіріп, бері жүгіріп, Баршагүл санап болғанда, тығылып үлгермеді. Айманды көріп қойған Баршагүл қуанып, тауып алдым деп Айманға саусағын шошайтты. Айман лезде ашуланып, мұрнымен түсініксіз бірдеңелер айтты да, кете берді. Мен ойынды ұмытып, артынан жүгіре жөнелдім. Айдана қолымнан тартып:

- Түу, кете берсін. Онсыз ойнай береміз ғой. Неге әрдайым жүгіре бересің? – деді. Мен әжемнің ұрысатынын біліп, Айманның артынан жүгіріп кеттім. Артымнан ойынның шырқы бұзылып, қыздардың ухілеген дыбыстары естілді. Айман көшенің қақ ортасымен екі жұдырығын түйген күйі үйге қарай басып бара жатты. Мен жетіп алып тоқтатайын десем, қолымды қағып, тіпті бетіме қарамайды.

- Айман, жүрсеңші, қыздар басынан бастаймыз дейді. Жүрші, - дедім. Айман қатқан күйі бетінен қайтпады. Амал жоқ, көшеге шығып, қарап тұрған Айданаға қолымды бұлғап, «ойнамаймыз» деген белгі бердім. Іштей Айманға жыным келді.

Түскі ас ішіп болғасын, әжем зейнетақысын алуға поштаға кетті. Айман екеуімізді үйде қалдырып, сыртқы есікті сыртынан құлыптап кетті. Мен аздап ұйқысырап, теледидар көріп отырдым. Айман кілемнің үстінде ойыншықтарын сөйлетіп отырды. Су ішкісі келіп маған айтты. Мен ас бөлмеге барып, құмырадан стақанға су құйып бердім. Сосын ол кәмпит бер деді. Мен әжемнің нұсқаулығы бойынша кәмпит бермей қойдым. Айман шыңғырып, мені жұдырықтап, алып бер деді. Сосын жыным келді де, бетінен шапалақпен ұрып жібердім. Лезде үндемей қалып, қызарған сол жақ бетін ұстап, маған қарап қалды. Сосын тағы екінші бетінен қатар екі рет шапалақпен соқтым. Айман бақырып жылады.

- Менің сені ұрғанымды біреуге айтсаң, таяқ жейсің, - дедім де, диванға барып, теледидар көруді жалғастырдым. Сәлден соң Айман қасыма келіп отырып, менімен бірге көрді.

Әжем келе жатып, бізге балмұздақ сатып алыпты. Айман екеуіміз қуанып, есік алдында шырмауықтың көлеңкесінде отырып жеп алдық. Әдетте, біз ойынға сағат кешкі бесте шығатынбыз, себебі әжем күн өтеді деп жібермейтін. Бүгін төрт жарымда көлеңкеде ойнауға рұқсат берді. Айман екеуіміз алдыңғы күні үйдің артында өсіп тұрған кішкене ағашты көргенбіз. Соны есіктің алдына егу ойымызда жүрген. Бүгін соны іске асырдық. Бірақ ағаш орнына дұрыс орналаспай қисық тұрды. Сосын оны қойып, есік алдына шығып, әжеммен бірге орындықта отырдық. Бұл уақытта жұмысынан қайтқан үлкендер бірінен-бірі өтіп жатады. Біздікілер де: жеңгем, тәтем, ағам үшеуі солардың арасында болады. Бірақ бәрінен бұрын іштей әке-шешем келіп қала ма деп үміттенемін. Алғаш жеңгем көрінді. Айман жүгіріп барып шешесін құшақтады, жеңгем әдетінше Айман екеуімізді бетімізден сүйді. Сосын үйге кіріп кетті. Мен қалтамнан бор шығарып, жерге сурет сала бастадым. Менің суретіме қарап Айман отырды. Біраздан соң тәтем көрінді. Айман екеуіміз алыстан көре сала жүгірдік. Сосын ағам келді. Ол кейде костюмінің екі қалтасына сыйлықтар салып қоятын. Бүгін сондай күн екен. Айман екеуіміз екі жағынан қолымызды тығып едік, қалтасынан қуыршақ шықты. Біз орындықтарымызды алып, үйге кірдік. Сосын жеңгем дайындаған кешкі асқа кірістік.

Тамақ ішіп болған соң, Айман екеуіміз түн болғанша жаңа қуыршақтармен ойнадық. Түнде жеңгем төсек салып, екеуімізді жуындырып жатқызды да, беттерімізден сүйіп, жарықты сөндіріп кетті. Менің көзімнен кезек-кезек ыстық жас тамды... Тілегім орындалмады...

 
1
0
1045

Осы тақырып бойынша

Орындалмас тілек - Yvision.kz