Оралда жол апаты құрбандарын еске алу шарасы өткізілді.
Оралда жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алудың Дүниежүзілік күніне орай еске алу шарасы ұйымдастырылды. БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұртай Лезовтың айтуынша, Қазақстанның аталмыш шараға қосылғанына биыл үшінші жыл. Осыған орай полицейлер көшедегі автокөліктерді тоқтатып, ақ ленталар тақты. Полицейлердің бастауымен он автокөлік шамдарын жағып, қала көшелерімен жүріп, Жеңіс алаңына тоқтады. Осы жерде жол апаты құрбандарын еске алу ретінде белгі беріліп, қара, ақ шарлар аспанға ұшырылды.
Батыс Қазақстан облысында биыл он айда 447 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 79 адам қаза тапса, 545-і түрлі жарақат алды.
