Қорқыт Ата - Түркі әлемінің символы
Қорқыт ата-әлемдік тарихтағы аса көрнекті тұлғалардың бірі. Ол бүкіл түркі әлемінің символына айналған Ұлы Дала баласы. Тарихшылардың зерттеулеріне сүйенетін болсақ, қазақ елінің даласы, қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша екі жүз миллионнан астам адамды құрайтын, барлық түрік тектестердің арғы тегі болып табылады.
Музыкалық Қобыз аспабын ойлап табушы, композитор, ақын және қорғаушы бақсы болған Қорқыт ата Сырдарияның төменгі ағысындағы Жанкентте VIII-IX ғасырларда өмір сүрген. Оның әкесі Қарақожа оғыз тайпасынан, ал анасы қыпшақ руынан шыққан. Қорқыт философиясында , оның өлімге қарсы күрес туралы аңыздарында, өмірге деген сүйіспеншілік пен оптимизм көрініс табады. Ол дүние есігін ашқаннан бастап қасиетті адам ретінде саналды. Шоқан Уәлихановтың айтуынша: " Қорқыт қобызда ойнауды, бақсылықты үйренген алғашқы адам болған. Қорқыт туралы аңыз терең оптимистік мағынаны алады, ол өзінің жасаған өнері арқылы адамзатқа қызмет етуде өзінің өшпес ізін тапты".
Көріпкелдік қасиеті бар ойшыл, ұлы жырау сол кездегі хандардың кеңесшісі болған. Бұл туралы көптеген аңыздар бар. Қорқыт хандықта орын алған оқиғаларды талдай отырып, оларға тиісті баға беріп, болашақты болжады. Ол өзінің ақылы, көрегендігі арқылы оғыз тайпасының ең күрделі мәселелерін шешуде өзін көрсете алды. Оның беделі сөзсіз болды. Халық қандай да бір үлкен іске жең түмес бұрын Қорқыттың батасын алып, ақылын тыңдаған.
Қорқыт өмірін зерттеумен көптеген елдердің көрнекті ғалымдары айналысты. Ұлы жырау туралы 700-ге жуық ғылыми зерттеулер бар. Көптеген зерттеулерде жыраудың жасы туралы нақты деректер жоқ. Кейбіреулері Қорқыт 95 жыл өмір сүрген десе, енді бір басқалары – 193 жыл, ал тағы біреулері оның жасын 400 жасқа дейін жеткізетінін айтады. Түркі халықтарының арасында Қорқыт туралы аңыздар мен әңгімелер кеңінен таралған. Белгілі тарихшы, академик Василий Бартольд , Қорқытты – патриарх, халық даналығының көрнекті өкілі ретінде көрсетеді. Оның халық арасында әлі күнге дейін қолданысқа ие афоризмдері мен сөз тіркестері өмір сүруде, онда ол ең жақсы адамдық қасиеттерді дәріптейді және болмыстың теріс жақтарын сынға ұшыратады. Мысалға, "Сулар тарам-тарам болып, қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды", " Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді"," Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды"," Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі". Оның осы сөздері бойынша, Қорқыт әлемге саяхат жасай отырып, әр адамның туған жерінен асқан жан тыныштығы табылар жері жоқ деген пікірге келгенін айтуға болады. Оның философиялық көз-қарастары көптеген шығармаларда көрініс тапты. Соның бірі түркі халықтарының эпикалық жанрының жазба ескерткіштері, оғыз тайпасының өмірі туралы баяндайтын "Қорқыт ата кітабы" ("Китаби деде Коркут") болып табылады.
«Қорқыт ата кітабы» – түбі бір түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігерлерінің бірі, адамзаттың асыл мұрасы ретінде әлемдік деңгейде зерттелген туынды. Кітап оғыз-қыпшақ тілінде жазылған және исламға дейінгі кезең оқиғаларын бейнелейді. Бұл жазба мұраның Дрезденде - 12 нұсқасы және Ватиканда - 6 нұсқасы сақталған, сонымен қатар үшінші – Дрезден нұсқасының көшірмесі саналатын Берлин нұсқасы бар. Қолжазбаны орыс тіліне шығыстанушы және түркітанушы Василий Бартольд аударған. 1894-1904 жылдары ғалым шығарманың төрт бөлігін аударған, 1922 жылы шығарма толығымен аударылып баспаға тапсырылды. Кітапта көптеген нақыл сөздер, мақал-мәтелдер мен афоризмдер бар. Оның ерекшелігі мұнда Қорқыт бір мезгілде автор және кейіпкер болып табылады. Сонымен қатар 1986 жылы Ә.Қоңыратбаевтің аударуымен қолжазба қазақ тіліне аударылды.
Әуелбек Қонратбаев "Қорқыт ата кітабын" үш бөлімге бөлген: біріншісі – оғыз-қыпшақ тайпасының қалыптасу кезеңін сипаттайтын әңгімелер мен эпостар; екінші бөлім - түркімендер мен пешене тайпаларының арасындағы 34 жылға созылған қарама-қайшылықтар туралы; ал үшінші бөлім – оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауына арналған. Кітапта сипатталған барлық оқиғалар Сырдария жағасында, Орта Азия мен Кавказ жерінде суреттелген. Қолжазбада осы өңірлердегі тайпалардың қалай құрылғандығы және ыдырау себептері баяндалады. Кітапта қазіргі заманғы Қазақстанда кездесетін географиялық атаулар кездеседі. Бұл кітап Қазақстанмен байланысын, уақыт өте келе біртұтас қазақ этносына қосылған көптеген түркі тайпаларының мекендеген жерімен тығыз байланысын дәлелдейді.
Қорқыт атаның қазақ халқының рухани философиясына қалдырған мұраларының бірі - бай музыкалық туындылары. Оның қобыздың қоңыр үнімен тартылған біршама күйлерінде тұтас дәуірдің өмірі бейнеленеді. Оның музыкалық мұрасы қазақ фольклорында ерекше орын алады. Қазіргі таңда сол дәуірден жиырма шақты шығарма жетті, соның ішінде ноталармен 11 күй жазылған, кейбір орындаулардың бірнеше нұсқасы бар. "Қорқыт", "Қорқыт сарыны", "Қорқыт толғауы", "Қоңыр", "Башпай", "Әуіппай-әуіппай", "Тарғыл тана", "Елім-ай, халқым-ай", "Ұшардың ұлуы", "Елмен қоштасу", "Байлаулы киіктің зары", "Желмая", "Тенгри" күйлері өзінің пайда болуында ерекше оқиғаларды, тарих сырын шертеді. Мысалы, "Башпай" күйі – Қорқыттың соңғы күйлерінің бірі. Мәңгілік өмірді іздеуден оралғаннан кейін, Қорқыт Сырдария жағасына келіп, кілемін жайып, қобызда өз әуендерін орындай бастайды. Қарындасы Ақтамақ оған күнделікті тамақ әкеліп тұрады. Бір күні қара өліммен арпалысып, күй тартып шаршаған жырау қарындасының әкелген тамағын ішкелі жатқанда қатты ұлай жел соғып, Қорқыттың башпайы қарындасына тиіп кетеді. Асын ішіп болғаннан кейін жырау маужырап,көзі ілініп кетеді. Қарындасының тамақ салынған дорбасымен сұр жылан болып ілесіп келген ажал, қобыздың үні шықпай тұрған кезде күйшіні шағып алады. Жыланның уы бойына жайылып, әлсіреп бара жатқан Қорқыттан Әзірейіл:"Қандай тілегің бар?"-деп сұрайды. Сонда Қорқыт: "Менің өмірде екі күнәм бар. Біріншісі-өлімнен қырық бір жыл бойы қашқаным. Екіншісі - кілем жайып Сырдың бетінде отырғанда, бірде алай-түлей дауыл тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен болатын, міне осы екінші күнәм. Сол себепті мені көмгенде осы екі башпайымды ашық қалдырыңдар"-деп қобызын қолына алып, ең соңғы Башпай күйін тартқан екен. Міне бұл аңызға қарай отырып Ұлы дала халқының қыз баласына деген үлкен құрметін, жүректі шым еткізер сыйластықтарын байқаймыз.
Қорқыттың бай рухани мұрасы заманауи өмірмен үйлесімді әрекеттеседі. Түркі әлемінің аңызына атанған Қорқыт - өз шығармаларына бүкіл дәуірдің тарихын сыйғызған. Қорқыттың осынау мұрасы сонау оғыз тайпаларының құрамына кірген түркі халықтарының тарихтарында да көрініс береді. Қорқыттың рухани-философиялық ойлары мен терең мағыналы нақыл сөздеріне түркі халықтарының таласының болуы, оның жалғасуы да осы мұралардың оғыз - қыпшақ тайпаларының тілінде жазылуы себеп болып отыр. Алайда, Қорқыт шығармашылығы бүкіл түркі әлемінің мұрасы болсада, қобыз күйлерін орындау дәстүрі тек қазақ халқына ғана тән қасиетті мұра болып табылады. Қобыздың қазақ даласына жайылған сиқырлы үні ұлтымызды тек қана алға сүйрер ұраны іспеттес. Ендігі біздің басты мақсатымыз - осы қазақ халқының асыл мұрасы атанған бұл өнер түрін дүйім жұртқа паш ету .
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: "Біздің арғы ата-бабамыз Қорқыт ата –барлық туысқан түркі халықтарының ортақ ойшылы деп танылған атақты ақын, теңдесі жоқ күйші, музыкант, терең философиялық мәні бар аңыз кейіпкері - біздің қазіргі рухани болмысымыздың алтын іргетасы болып табылады. Мен тәуелсіздік алған және өзінің тарихи санасын қалыптастырған қазақ халқы үшін Қорқыт баба мұрасының рөлі ерекше үлкен екенін айтар едім. Оның он ғасырдан астам уақыт бұрын қалдырған өсиеттері қазіргі заманғы қоғамымыздың шындығын толығымен ұштастырады"- деген болатын. Сол себепті, тәуелсіз елдің ұрпақтары ретінде рухани мұрамызды сақтап, дәріптеу біздің парызымыз. Бабамыздың философиялық құнды ойлары мен өсиеттері өміріміздің қайнар бұлағы екендігі сөзсіз.
Данат Жанатаев, Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандиданты
Гауһар Толыбаева, Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты
