Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ОНЛАЙН СҰХБАТ: Рухани жаңғыру - идеологиялық тұғырнама

Үш жыл жарым жыл бұрын, яғни 2017 жылғы 12 сәуір күні ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген тақырыппен мақаласы шығып, ұлттық мүдде тұрғысынан көңілімізге қонымды, жанымызға жағымды сөздер айтылып, рухымыз көтеріліп, бір серпіліп қалып едік. Аз уақытта бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – біздің ұлттық идеологиялық тұғырнамамызға айналып үлгерді. Мақала жарық көре салысымен ҚР Президенті әкімшілігінің қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиясы құрылып, жер-жерде өңірлік жобалық офистері ашылып, басшы біткеннің бағдарламалық мақаланы іске асыруға қызу кірісіп кеткендегі қарқынына қарап, «бұл да бір кезекті науқандық нәрсе болмағай дағы» деп тілегенбіз. Кейбір шолақ белсенді шенеуніктердің өздері бастапқыда білек сыбана кіріскенімен, уақыт өте келе «аптығы» басылып, шын мәнінде руханиятқа жаны ашитын ел азаматтары ғана іріктеліп қалғанын көрдік. Өйткені бұл – ерте көктемде егіп, қоңыр күзде жинап, жемісін теріп жейтін маусымдық еңбек емес. Кеңес кезіндегідей бесжылдықтарға жоспарлап, кезең-кезеңімен іске асыруды талап етіп қою да жөн болмас. Шығыны есептелгенімен, табысын көзбен көріп, қолмен ұстай алмауымыз мүмкін. Алайда жоқтан бар пайда болмайтын және бар нәрсе жоғалмайтын заңдылықтай, болмысымызда бар, санамызда сақталған қасиеттерді оятуға бұл бағдарламаның игі ықпалы зор болмақ.

Маңғыстау облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік жобалық офисі құрылғанда, бағдарламаны іске асыруға жауапты мекемелер іссапарға жіберген мамандары арасынан табылып, мемлекеттік бағдарламаның аймақта іске асуының басы-қасында болғаныма мақтанамын. Осы орайда облысымыздағы мемлекеттік мәртебеге ие жалғыз жоғары оқу орны Yessenov University де бұл бағдарламаны жүзеге асырудағы жұмыстарын өз деңгейінде жүйелі жүргізіп келеді. Өлкемізге танымал білім мен ғылым, өнер мен мәдениет және азаматтық қоғамның белсенді өкілдерінен құралған Өңірлік сараптау кеңесі құрамындағы 25 мүшенің 8-і профессор-оқытушыларымыздан жасақталуы да университетіміздің маңызды орнының мысалы. Бағдарламаның «Білімнің салтанат құруы», «Сананың ашықтығы», «Прагматизм», «Бәсекеге қабілеттілік», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» атты алты негізгі бағыттары бойынша жобалар мен іс-шаралар ең алдымен осы өңірлік сараптау кеңесінде талқыланып, дауыс беру арқылы бекітіледі...

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісті жобаларының бірі – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың» жарық көруі. Әлемге әйгілі болған, дүние жүзі ғалымдарының кең қолданысындағы, үздік жоғары оқу орындарында оқытылып келе жатқан түрлі бағыттағы 100 оқулықтың іріктеліп, аударылып, басылып шығуы – біздің университет студенттерінің ғылыми әдебиеттерінің қатарына қосылып, кітапхана қорын байыта түсті. Бүгінге дейін 63 кітап жарық көріп үлгеріп, қолымызға тиіп отыр. Оның 50-і – гуманитарлық бағыттағы, 13-і – жаратылыстану бағытындағы еңбектер.

Латын әліпбиіне көшу жұмыстары бойынша да тілші ғалымдарымыз тіл білімі институтымен бірлесе отырып, латын негізді қазақ әліпбиінің теориясы мен әдістемесін дайындауға атсалысуда. Университет мамандықтарына латын графикасына негізделген қазақ жазуы бойынша пән енгізудің алғышарттары дайындалып жатыр. Латыннегізді қазақ әліпбиі жобаларының тиімді нұсқасы бекітілгеннен бастап оны үйренушілерге арналған курс бағдарламасын ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды.

Университетімізде қазақ әдебиеті жарық жұлдыздарының өмірі мен шығармашылығына арналған көптеген шаралар өткізілді, солардың ішіндегі ең негізгілері: Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған әдебиет пен өнер қайраткерлерінің халықаралық конгресіөтті; «Әбіш әлемі» әдеби-мәдени күндері апталығы өтіп, жазушы атындағы оқу аудиториясы жаңартылып, қайта жабдықталды;

Қазақтың белгілі ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Поэзия падишасы» әдеби-сазды кеші өтіп, ақын атында жаңа оқу аудиториясы ашылды;

Ноғайлы-қазақ жыр-дастандарын ауызша жырлап жеткізген эпик-жыршы Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 160 жылдығына арналған «Ноғайлы жырлары және Мұрын жырау феномені» IІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті;

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында «Абай мұрасы және қазіргі өркениет» атты әдебиет пен өнер күндері өтіп, он күн бойы арнайы дәрістер оқылды. «Абай танымындағы адамзат пен жаратылыс концепциясы» халықаралық on-line онкүндік вебинар өткізілді.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында «Ұлы ойшыл, ғұлама – Әл Фарабидің даналық негіздері» апталығы өтті.

Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы атындағы 500 орындық екі оқу аудиториясы ашылды.

Аса көрнекті тарихи тұлға, дін ғұламасы, ағартушы ұстаз Пір Бекет Ата Мырзағұлұлының 270 жылдығына орай өмірі мен өнегесіне арналған халықаралық деңгейдегі «Бекет Ата – түркі әлеміне ортақ тұлға» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Жеке ғылыми зерттеулері мен шығармашылық еңбектердің авторлары – ұстаздарымыздың тоғыз монографиясы басылып шықты.

Бұлардың бәрі негізінен ғылыми еңбектер. Ал күнделікті тәрбие бағытындағы қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шаралардың да көбі осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына сай жоспарланып, өткізілуде.

Ұлттық идеологиямызға айналған мемлекеттік бағдарлама аясында университет ұжымы алдағы уақытта кең көлемдегі іс-шараларын жалпы көпшіліктің назарына ұсына береді.

0
0
201

Осы тақырып бойынша

ОНЛАЙН СҰХБАТ: Рухани жаңғыру - идеологиялық тұғырнама - Yvision.kz