Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Облыстарда Жеңістің 67 жылдығы кеңінен аталды

Кешегі соғыста жеңіс үшін қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жаумен шайқасқан  соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет айрықша. Ұлы Жеңістің 67 жылдығын аймақтарда кеңінен атап өтті. Майдангерлер қалың бұқарамен мәңгілік алаудың басында соғыста құрбан болған батырларды еске алып, жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Сұрапыл соғыс жылдары қанды майданға 73 мыңнан аса адам аттанды қостанай өңірінен. Оның 38 мыңға жуығы еліне оралмай, шайқастың бел ортасында қаза тапты. Қазір бұл облыста көзі тірі 673 Ұлы Отан соғысының ардагері қалған. Бүгін оларды жерлестері ұлықтап, құрмет көрсетті.
Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:
Бәрі де қақ жарылып, жолда тұрып, жол беріп, құттықтап, гүл ұсынып, айқайлап, тіпті кейбіреулері көзіне жас алып жатқанын байқадым, мен. Ардагерлерге деген құрмет облыста орасан.
Бүгінгідей ұлы мерекені атыраулықтар да атап өтті. Жұртшылық «Жеңіс» саябағындағы мәңгі алауға гүл шоқтарын қойып, құрбан болған майдангерлер рухына тағзым етті. Бүгінде бұл өңірде 176 ғана ардагердің көзі тірі.
Қатимолла Риузанов, Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы:
Бұл мерекенің барлық еңбеккерлер үшін де, соғысқан азаматтар үшін де мұның маңызы өте зор. Біздің жеңісіміздің бергенінен беретіні әлі де өте көп. Тек соған сай еңбек етуіміз керек.
Ал Алматы өңірінің азаматтары Ұлы Жеңістің 67 жылдығын ат жарыстырып атап өтті. Бұл жыл сайынғы дәстүр. Сондай-ақ, мерекеге жиналған жұрт аударыспақ, көкпар, теңге алу, қыз қуу секілді ұлттық ойындарымызды да тамашалады.

Қанды шайқас ерліктің үлгісін көрсеткен әр ардагердің жадында әлі де жаңғырып тұр. Сұрапыл соғыс қаншама баланы жетім, қаншама жарды жесір қалдырды. Қасиетті де, қастерлі Ұлы Жеңіс күнін сыйлаған ұлыларды ұлықтау сіз бен біздің әрқашан да парызымыз болмақ.
Жасын БІРКЕНОВ
0
0
347

Осы тақырып бойынша

Облыстарда Жеңістің 67 жылдығы кеңінен аталды - Yvision.kz