Облыс тұрғындарының 52 пайызына КВИ-ге қарсы вакцина егіледі
Жамбыл облысында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 18-64 жас аралығындағы облыс халқының 52 пайызына екпе егу жоспарлануда. Ал коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина әуелі медицина қызметкерлеріне егілетін болады. Олардың қатарында инфекционист дәрігерлер, реаниматологтар, қабылдау бөлімі мен жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары бар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Вакцинаны алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қабылдады.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, өңірдегі екпе егу шарасы қажетті тоңазытқыш құралдарымен жабдықталған 20 егу бөлмесінде жүргізілетін болады. Екпе егу қалалық және аудандық емханаларда жүргізіледі. Ол үшін 140-тан астам маман арнайы оқудан өткен. Вакцинация процесі денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қатаң бақылауында болады.
Бірінші жартыжылдықта өңірде 100 мың тұрғынға екпе егу жоспарланған. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін отандық QazCovid-in препаратымен вакцинациялау басталады.
