Оқушы өзін өзі өлтірмек болған
Ұлттық арна сайтына Қызылорда облысы, Шиелі ауданының жасөспірімдері атынан хат келіп түсті. Электронды хатты № 219-ншы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 10-ншы сынып оқушылары жолдаған. Олар сыныптастары Жасұлан Шәмшінің өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткенін және бұған жоғары сынып оқушылары тарапынан көрсетілетін қысым себеп болғанын айтқан. Мектепте үлгілі тәртібімен танылған жасөспірімді осы қадамға не итермеледі?
Шиелілік оқушы Жасұлан бір аптадан астам уақыт сабаққа бармай отыр. Анасының айтуынша, жан түршігерлік жәйттен аман қалған бала бұл. Әлі кәмелетке толмаған жасөспірім түннің бір уағында асылып өлмек болған. Күйзелістің себебін өз аузынан естідік.
Жасұлан Шәмші:
11-нші кластың балалары ақша алады, ұрады. Жұмысқа әкетеді. Үйіндегі жұмыстарын, әр нәрсе істетеді: отын шаптырады, жерін аудартады. Сосын, кешке жақын көшеде жүрмедің дейді, төбелеске шықпадың дейді.
- Сен осыған шыдамай жаңағыдай әрекетке барып тұрсың ба?
- Иә
Анасы Ботагөз Жасұланды мал қораның түкпірінде ыңырсып жатқан жерінен тауып алған. Баласының сұмдық әрекетке барғанын көзімен көрген ол әлі де есін жия алмай отыр.
Ботагөз Биназарова, Жасұланның анасы:
Сағат бірдің кезінде далаға шығып кетті ол. Жарты сағат өткеннен кейін мен уже іздеймін ғой. Бала есінен танып жатыр. Жіптен құлаған, мойнындағы жіптен. Өліп қалған екен деп ойладым.
Сәтін салып, Жасұлан жеңіл жарақаттармен шектелді. Сот медициналық сараптама қорытындысымен оның «иек, мойын аймағының жұмсақ тіндері сыдырылып жарақаттанғаны» белгілі болды. Ал оң көзі тұсының қанталауы құлау салдарынан болуы мүмкін делінген. Ақпанның 15-іне қараған түні орын алған осы оқиға бойынша аудандық Ішкі істер бөлімінде тергеу жүріп жатыр.
Қасым Әбуов, Шиелі аудандық Ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі:
Өзінің түсінігінде көрсетіп отыр. Бекжан, Мұқаш, Алпамыс деген балаларды көрсетіп отыр. Алайда, ол жан-жақты тексерілген, дәлелін таппай отыр
Сонымен, Жасұланды бұл қадамға не итермеледі? Қазір тергеушілер екі болжам айтып отыр. Біріншісін, жасөспірімдермен байланыстырса, екіншісі, отбасылық жағдайға келіп тіреледі.
Қасым Әбуов, Шиелі аудандық Ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі:
СМС сообщенияларында Жасұлан Іңкәр Құрманәлиеваға шаршап жүргенін, өлгісі келетіндігін, сонымен қатар ұрғандығын. Кім ұрған деген Құрманәлиеваның сұрағына Папа ғой деп жауап бергендігін көрсетіп отыр.
Ержан Биназаров, Жасұланның әкесі:
Мен осы уақытқа дейін тиіскен емеспін балама. Баламды түрткен емеспін. Енді маған да шок болып тұр. Не істеймін мен?
Төбеден жәй түсіргендей сұмдық жағдайдан Жасұланның сыныптастары да қатты қапаланып отыр. Ал мектеп директоры осыдан бірнеше күн бұрын өз өтінішімен жұмыстан кетіпті.
Әлия Балтабай, №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы:
Негізі жақсы оқып жүрген бала ғой, ғылыми жұмыстарға қатысып, жетістіктермен. Ашық жарқын бала. Бірақ соңғы кездері тұйықталып кетті.
Мектеп ұжымы бұл мәселеден ат-тонын ала қашуда. Оқушылардың бәрі тәртіпті көрінеді. Алайда, былтыр осы аудан іргесіндегі Төменарық ауылында 14 жасар Медеттің 11 оқитын оқушылардың қолынан қаза болғанын Сыр жұртшылығы әлі ұмытқан жоқ. Әрине, бұл оқиғаның ақ-қарасын ашу құқыққорғаушылардың құзырында. Біздің айтпағымыз, бұл дерек кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тәрбиесіне мықтап ден қою керектігін тағы бір көзге шұқып көрсетті. Былтырдан бері 13 жасөспірім өзіне қол салып ажал тапты, ал Жасұлан - осындай сұмдықтан аман қалған жетінші оқушы.
