Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Оңтүстіктің жеті елді мекені тасқынмен арпалыста

Оңтүстікті тағы да топан су жайлай бастады. Бұл жолы табиғат апатына тап келген өңірдің солтүстік аумағындағы таулы аймақтар.  Нөсерлеткен жауын таудағы қалың түскен күртік қарды бірден ерітті.  Қазір Қаратау бөктеріндегі Созақ ауданына қарасты 7 елді мекеннің тұрғындары тасқынмен арпалысып жатыр. Апат аумағынан 900-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жылғаларға жиылған топан су өткен түнде тау етегіндегі ауылдарға екпіндеп кірген.  Тасқынның жылдамдығы соншалық, жұрттың көпшілігі тек жан сауғалап үлгеріпті. Қорадағы малына да қарауға шамасы келмеген. Біраз баспана бүлінген, қираған.
Ауыл тұрғыны:
Бірден келген су малымызды алып кетті. 1100-дей адам тұрады. 157 үй бар. Мына жақтағы 900-ден астам адам үрейленіп Созаққа барып қонып қазір келді. Адам аман.
Созақтағы 7 елді мекенде қазір тап осындай ахуал. Әсіресе, Қайнар, Құмкент, Ынтымақ пен Көктөбе ауылдарында жағдай күрделі. Бірқатар мектептерде сабақ тоқтатылған.  Қазір ауыл тұрғындары жабылып, аулаларды судан құрғатып жатыр. Арық-атыздарды бекіту, жаңадан бөгеттер салу жұмыстары қолға алынды.
Дәурен Дүйсебаев, облыс әкімі баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:  
Жылда қауіп төндіретін Құрсай сайының алдын жауып, ол жақтан келетін суды Қызылкөлге қарай бағыттау жұмыстары қолға алынған. Барлық тоғандар жіті бақылауда. Жалпы саны 91 техника жұмыс істеп жатыр, жұмысқа 1500-ден астам адам жұмылдырылған.
Қазір Қаратаудың етегінде әлі де қар қалың. Тасқын қайталануы мүмкін дейді мамандар. Осыны ескеріп, аудандағы барлық ауылдарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қауіпті саналатын аймақтарда арнайы бекеттер құрылды.
0
0
331

Осы тақырып бойынша

Оңтүстіктің жеті елді мекені тасқынмен арпалыста - Yvision.kz