Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Оңтүстіктің қонақжайлығы мен асханасы туралы

Оңтүстіктің қонақжайлығы мен асханасы! Халқымыздың қонақжайлығы туралы баяғыдан айтылып жүр, бәріміз де ол жөнінде білеміз. Расында, қонақжайлығымыз керемет. Тек, бір нәрсе кемшін түсіп жатады. Ол – қонақжайлылығымызды монетизацияға айналдыра алмай жүрміз, мәселен, грузин асханасы керемет, қонақжайлығы да белгілі, олар қонақжайлығын көрсету арқылы туристерге қызмет көрсетіп, қаражат та тауып жатыр. Ал, туристке одан басқа не керек? Еліміздің әр өңірінде ас әзірлеуде аздаған өзгерістер болуы мүмкін, бірақ, жалпы ұлттық асханамыз бір болуы тиіс деп ойлаймын. Мысалы, батыстағы балықтан жасалған ас тағамы қандай керемет болса, солтүстіктегі пісірілген ет тағамы тіпті ғажап, ал, өңтүстіктегі қозықұйрықты жеп көрдіңіз бе? Міне, осы тағамдарымызды, әсіресе ұмытыла бастаған тағамдарымызды қалпына келтіріп, таңғы асқа, түскі асқа және кешкі асқа дайындау керек. Менің ойымша өмірінің көп бөлігін жорықтарда, соғыста өткізетін көшпелі халықта тез пісетін, дала жағдайындағы тағамдардың болмауы мүмкін емес қой?

Енді, өзім саяхат жасаған оңтүстік өңірдің асханасы туралы айта кетейін. Біріншіден, маған түркі-мұсылман халқының өкілі ретіне Орталық Азия халықтарының асханасы ұнайды, кәуап, палау, самса болсын немесе басқа тамақ болсын ірі мейрамханада не шағын асхана дайындалғанына қарамастан дәмді әрі жұғымды болады. Өткен жолы, Шымкенттің бір мейрамханасында жеген кәуаптың бірнеше түрінің дәмі әлі аузымнан кетер емес? Ал енді, кейде сирек дайындалатын тағамнан да дәм тататын кез болады. Мысалы, Наурызда Тәжікстанға сапарым барысында қарабалықтан (маринка) пісірілген тамақты сүйсіне жедім. Қатты қыздырылған пеште пісірілген балықты тіпті сүйегімен қоса жей бересіз. Ал, Түркістан облысында дәл осылай жасалатын (балықты пісіретін) жол бойы дәмханасын көрдім, мұнда тіпті олардан да жақсы істейді екен. Және балық ірі әрі дәмді, қуырылған, жуа қосып тандырда жаңа піскен нанға қосып жеп алсаңыз, қарныңыз бірден тойып қалады. Шайын айтсаңызшы, бір аққұманын аласыз. Және бағасы бар болғаны жеті жүз ақ теңге.

Тағы бір байқағаным, Сарыарқаға қарағанда оңтүстік өңірде (Түркістан облысы не Қызылорда облысы болсын) қымыздан гөрі қымыранды көп тұтынады екен. Бұрын қымыранды көп ішпейтінмін. Енді, оған ден қойдым. Шіркін, қолдың құртын айтсаңызшы, бірнеше түрі бар, домалағы дейсіз бе, сықпа құрт дейсіз бе, сүзбе құрт дейсіз бе? Қанша түрі бар, қалауыңызға байланысты! Сосын бір килограммын бірден сатып алдым. Қымыз-қымыран демекші, Арыстан баб кешенінің алдында сүт тағамдарын сатып тұрған әжелеріміз бен қыз-келіншектер бар екен.

Әрине, оңтүстікке бір емес бірнеше рет бардым, әр барған сайын жаңа қырынан танимын, разы боламын, бірақ бір-екі «әттегенайлары» болғанымыен, туристерге, халыққа ыңғайлы жағжай жасалатыны қуантады.

Айтқандай, оңтүстікте үстелге әртүрлі тағамдар және көп түрлі тағамдар қойылатыны да бар, тіпті қарап-ақ қарның тойып қалады-ау! Сонымен, 2019 жылғы 9 мамыр күні жігіттердің ауызашары Ақбурадан бұйырды, тиісінше, бізге күндіз Мараттың ағасы Ниязәлі көкеміз дәм салып қоямыз деген еді, жоспар бойынша түнгі Шымкенттің жақсы бір мейрамханасына тапсырыс бермекші болған едік, бірақ «астан үлкен емеспіз ғой» деген қазақы ұғыммен сағат 24.00-де ет жеп отырдық. Бір жағынан қарасақ, ол кісінікі бізді құрмет тұтып, сыйлағаны, рахмет, біз де қазақы дәстүрге салып, қонақ болдық, алайда осындай да (кеш келіп) түнгі ет жеудің өзі мен үшін ыңғайсыздау. Бірақ, қазақтың сорпасы мен етіне не жетсін шіркін!

0
0
1200

Осы тақырып бойынша

Оңтүстіктің қонақжайлығы мен асханасы туралы - Yvision.kz