Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Аталған отырысқа қоғамдық кеңес мүшелері, Жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Маңғыстау облысы әкімдігінің іс басқармасы, Экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасы, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, Аудан, қала әкімі орынбасарлары, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыс кеңес төрағасының орынбасары А.Шамшадинованың және Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі С.Битанның төрағалығымен өтті.

Күн тәртібінде Маңғыстау облысының кәсіпорындарындағы әлеуметтік және еңбек даулары мәселесі қаралды. Аталған мәселе бойынша Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ә.Іңкәров өңірімізде еңбек дауларын болдырмау үшін атқарылып жатқан шаралар бойынша ақпарат берді.

Өз баяндамасында Іңкәров жыл басынан бері облыс бойынша 47 еңбек даулары тіркелгенін айтты.

- Оның ішінде, тіркелген даулардың 22-сінде үш сағаттан астам уақыт жұмыс тоқтаған. Ал 25-інде жұмыс тоқтамай жұмыскер мен жұмыс беруші татуласқан. Еңбек дауларының басым бөлігі жалақы мөлшерін арттыруға қатысты. Еңбек дауларының алдын-алу мақсатында жүргізілген тексерулер барысында жыл басынан бері 689 заң бұзушылық анықталды, - деді ол.

Содан кейін, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Ш.Дүйсенов «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша Жол картасының 126-тармағы: «Ерекше қажеттіліктері бар (көру, есту, ТҚА, арбадағы мүгедектер) адамдар үшін кедергісіз қолжетімділікті құру мақсатында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымды объектілерінің бейімделуін барынша қамту» және «Тең мүмкіндіктер жасау» бағытының 128-тармағы: Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде 300-ден астам пандус орнату бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Оның айтуынша, «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 126 тармағы бойынша 2021 жылға 305 объект бейімдеу жоспарланған. 305 нысанның ішінде мемлекеттік ғимараттарының жалпы саны 151, жеке меншік ғимараттарының саны 154. Мемлекеттік мекеме объектілерінің қалалық және аудандық коммуналдық меншікке 30 нысан, облыстық коммуналдық меншікке 121 нысан қарасты болса, республикалық меншікке 3 нысан қарасты. Маңғыстау облысының 7 аудан қаласында 7 ведомствоаралық мониторингтік топтар құрылып, мониторинг жүргізілген. Мониторинг нәтижелері бойынша баланс ұстаушыларға нақты ұсыныстар берілген.

Отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері және қатысушылар тарапынан тиісті ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Кеңес қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырмалар мемлекеттік мекеме басшыларына жолданатын болады.

0
0
230

Осы тақырып бойынша

Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. - Yvision.kz