«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Ләйлә Төрешова қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мамандары қатысып, бірқатар мәселелер талқыланды.
Қабылдауға келгендер мал шаруашылығын дамытуға қайтарымсыз грант алу, тұрақты жұмысқа орналасу, тегін дәрі дәрмек алу мен мүгедектікті рәсімдеу және қашықтықтан оқуға қатысты мәселелерді көтеріп, көкейтесті сауалдарын қойды.
Мысалы, көп балалы ана Зарина Пірмағамбетова бұрын мал шаруашылығымен айналысып көргенін және бүгінгі күні қора жайлары сақталған, дайын екендігін тілге тиек етіп, осы бағытта кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант алу жолдарын іздеп жүргенін айтты. Ләйлә Төрешова мәселе бойынша тиісті органдарға хабарласып, заңдылықтарын түсіндірді.
Қала тұрғыны Әлия Махамбетова мамыр айында Нұр Сұлтан қаласына баласын емдетуге апару үшін жол шығындарына қаржылай көмек сұрады. Сондай – ақ, баласын мүгедектікке шығару мәселесін сөз етті. Әлияның өтініші бойынша қаржы мәселесі алдағы уақытта демеушілер қолдауымен шешілетін болып келісіліп, мүгедектікке шығару заңдылықтары жөнінде кеңес берілді. Сондай-ақ, жұмыс орны жабылып, жұмыссыз қалған қызына тұрақты жұмыс іздеп, екінші қызының қашықтықтан білім алуы үшін компьютер сұрай келген қала тұрғыны Аскербек Курмангалиевтің де өтініштері оңтайлы шешілді.