Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Nur Otan соңғы 5 жылдағы жұмыс қорытындысын шығарды

XX съезд қарсаңында партияның Орталық аппаратында «Nur Otan» Саяси кеңесінің отырысы өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде ұйымдастыру мәселелерімен қатар партияның соңғы 5 жылдағы қызметінің қорытындылары қаралды.

«Nur Otan»-ның бесжылдық жұмысын қорытындылай келе, партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның 234 қоғамдық қабылдау бөлмесі сайлауалды бағдарламаны бақылау мен «кері байланыстың» пәрменді тетігі болғанын атап өтті.

Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» 2014 жылы елімізде бірінші болып «Электронды партия» жобасы аясында қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмесін, веб-портал ашып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы коммуникацияның жаңа арналарын енгізе бастады.

«5 жыл ішінде партияға шамамен 1,2 млн. адам жүгінді, оның 30%-і өтініштерін онлайн жолдады. Өтініштердің 92%-і бойынша оң шешім қабылданып, тегін кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Нұротандық депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматты қабылдады. Өтініштердің 72%-і оң шешімін тапты, 28%-і бойынша түсіндірмелер мен қажетті кеңестер берілді», - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, пандемияға қарамастан, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы онлайн форматта жалғасып, электронды түрде 339 мың өтініш қабылданған.

Осы орайда, ол Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Nur Otan» партиясы нақты әлеуметтік топтардың мәселелерін жобалық тәсіл негізінде шешетінін атап өтті.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыра отырып, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің 200 мыңнан астам әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында 1300-ден астам білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріне мониторинг жүргізілді, бала құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру тұрғысынан заң жобаларына 45 ұсыныс енгізілді.

«Кедергісіз келешек» жобасының арқасында ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, 24 мыңнан астам нысан соларға ыңғайландырылды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес «Jas Otan» Жастар қанатымен бірлесіп жоғары оқу орындары мен колледждерді тексерді. Нәтижесінде 10 мыңнан астам студенттің жатақханалардағы өмір сүру жағдайы жақсарды.

«Жастар – Отанға!» бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда 13 мыңнан астам жас буын жұмысқа тұрды. Жастар бастамаларының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын қаржыландыру 2,5 есе өсті.

Ашықтық пен есептілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, «Nur Otan» 2014 жылдан бастап жыл сайын БАҚ-та шығыстардың барлық баптарын көрсете отырып, қаржылық есебін жариялап келеді. Партия бастамасымен Есеп комитеті екі рет тексеру жүргізіп, барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетінін анықтады.

«Көшбасшылықты сақтау үшін уақыт талабына жауап бере отырып, өзгеру қажет. Елбасы айтқандай, «Nur Otan» одан әрі дамуды жалғастыра беруі тиіс. Сондықтан өткен жылы партия басшысының тапсырмасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасы қабылданды. Биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруға байланысты шаралар қолға алынып, партияның Мәжілістегі және мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының жұмысы жандандырылды. «Партия қатарын тазарту» аясында Жарғы мен Этика кодексін сақтамағаны, партиямен байланысты жоғалтқаны үшін 240 мыңнан астам адам, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін 610 адам партиядан шығарылды», - деп қорытындылады жетекші партия Төрағасының бірінші орынбасары.

#NurOtan

Толығырақ: https://nurotan.kz/news/news-detail/275689?lang=kz

0
0
147

Осы тақырып бойынша

Nur Otan соңғы 5 жылдағы жұмыс қорытындысын шығарды - Yvision.kz