«Nur Otan» съезі Павлодар облысынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды бекітті
25 қараша Nur Otan партиясының ХХ Съезі өтті. Съезд жұмысын ашқан партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарындағы елдің жетістіктеріне ерекше көңіл аударды.
– 30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті, - деді Елбасы. – Бұған, ең алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді.
Съезд барысында Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді.
Тізімге Павлодар облысынан төрт кандидат енді. Олар: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Анатолий Бойчин, «Завод Гофротара» ЖШС директоры Гүлнар Қайдарова, Павлодар ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Жанат Шұғаев пен партияның Тереңкөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Айтышев.
- Бүгін еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиға өтті, - деді Жанат Шұғаев. – Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылда қандай қиыншылықтардан өтсек те, біз еліміздің өсіп-өнгенін, халықтың әл ауқатының артқанын атап өтті. Оған қоса Съезд барысында партиялық тізіммен Мәжіліс депутаттығына кандидаттар бекітілді. Маған сенім білдірген партияластарыма алғыс білдіремін. Жаңа қабылданған партияның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттер ел мен халықтың барлық сұраныстарын өтеуге бағытталған.
Өз кезегінде, съезге қатысқан Jas Otan ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Ғабит Хафиз құрылтайдан алған әсерлерімен бөлісті.
- Партияның съезіне бірінші рет қатыстым, - дейді Ғабит Хафиз. - Сондықтан бұл мен үшін ерекше есте қаларлық оқиға. Менің ойымша, елімізде үлкен саяси өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта заң шығарушы қызмет пен халық қалаулылары жұмысының күшеюінің арқасында халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын.
Съезд қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Елдің әлеуметтік дамуы мен халықтың әл-ауқатын өсіруге бағытталған бағдарламаны жүзеге асыруға алдағы бес жылда 21 триллион теңге бөлінбек.
#NurOtan #Pavlodarnewskz
