«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезі өтті
Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті.
Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.
«30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған, ең алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этникалық әртүрлілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қалыптастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі негізгі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген.
«Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1400 жаңа аурухана мен емхана, 1800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отыр», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы «Nur Otan» партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды.
«Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ Съезіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Nur Otan партиясы бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Nur Otan партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға бергеніне тоқталды.
Қазақстан Президентінің айтуынша, әлем ғаламдық өзгерістер дәуіріне аяқ басып, халықаралық қатынастар жүйесі белгісіздік жағдайына, тіпті, бейберекетсіздікке бет бұруда. Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы он жылға артқа лақтырып тастағанын, ал бұрынғы өсу қарқыны мен тұрақты дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет екенін жеткізді.
«Қазақстанның тұрақты даму тұрғысынан мүмкіндігі мол. Себебі бізде, ең алдымен, нақты даму жоспары бар. Оны жүзеге асыруға қаржылық ресурсымыз да жеткілікті. Жауапкершілікті сезіне алатын миллиондаған азаматтардың қолдауының арқасында біз ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бизнес қоғамдастықты қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алуын қамтамасыз ете алдық. Біздің бұған қол жеткізуімізде халқымыздың дәстүрлі құндылықтары, өзара жәрдемдесу, табандылық пен жанашырлық секілді қасиеттері ерекше рөл атқарды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясымен күреске халықтың үлкен үлес қосқанын атап өтіп, сондай қиын-қыстау шақта ел азаматтары шынайы ынтымақтастық пен жаппай жанқиярлық танытқанын айтты. Оның сөзінше, «Біз біргеміз» ұраны қазақстандық патриотизмнің формуласына айналды.
Қазақстан Президенті дағдарыс кезінде басқарушы партияның да, Үкіметтің де, сондай-ақ, бүкіл қоғамның да алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
«Осы тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде Президент, Үкімет және заң шығарушы сала сияқты билік тармақтары күш жұмылдыруы керек. Сондықтан алдағы сайлау бүкіл қоғам үшін өте маңызды болмақ», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы қалыптастырған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын жүйелі жаңғыртуға тың серпін беруге шақырды.
