Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезі өтті

Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Nur Otan партиясы бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті.

«Қазақстанның тұрақты даму тұрғысынан мүмкіндігі мол. Себебі бізде, ең алдымен, нақты даму жоспары бар. Оны жүзеге асыруға қаржылық ресурсымыз да жеткілікті. Жауапкершілікті сезіне алатын миллиондаған азаматтардың қолдауының арқасында біз ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бизнес қоғамдастықты қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алуын қамтамасыз ете алдық. Біздің бұған қол жеткізуімізде халқымыздың дәстүрлі құндылықтары, өзара жәрдемдесу, табандылық пен жанашырлық секілді қасиеттері ерекше рөл атқарды», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатындығын атап өтті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық.

«Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін», - деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды.

Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтастыру және мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете беретінін айтты.Съезд қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді.

0
0
250

Осы тақырып бойынша

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезі өтті - Yvision.kz