«Nur Otan»-ның Республикалық сайлауалды штабы Сыр өңіріне ат басын тіреді.
Өңірдегі кәсіпкер әйелдермен кездесу барысында партиямыздың таяудағы 5 жылға арналған сайлауалды бастамалары әңгіме арқауына айналды.
Бұл орайда біз Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша атқарушы, өкілді, сот органдары мен квазимемлекеттік секторда басшылықтағы әйелдердің үлесін 30%-ке дейін ұлғайтуды ниет етіп отырмыз.
Сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру, әйелдерді жеңілдетілген несиемен және гранттармен қамтамасыз ету секілді істер де жоспарланып жатыр.
Сондай-ақ, еліміздің өңірлері, қалалары мен аудандары бойынша жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік қызметтер мен әр түрлі мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік мәселелерін қамтитын Гендерлік қажеттіліктер картасы әзірленеді.
Жалпы, жеке бизнесін ашу үшін 50 мың азаматқа шағын несие беріледі, оның ішінде жалпы сомасы 250 млрд. теңге болатын несие 42 мың ауылдық азаматқа бағытталады.
Сапар барысында Сыр өңіріндегі Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен де кездестік. Басқосуда елдегі демократияның өрістеуіне жол ашатын жауапты азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтеріліп, осы бағыттағы бірқатар ойлар ортаға салынды.
Бұл ретте партиямыз «Жауапты азамат – жауапты қоғам – жауапты мемлекет» формуласы бойынша жалпыға ортақ жауапкершілік тұжырымдамасын ұсынып отыр.
Сонымен қатар «Nur Otan» елдегі өзекті мәселелерді бірлесе шешу мен мемлекетті дамыту ісіне азаматтық белсенділерді қарқынды түрде араластыруды жоспарлауда.
Бұл жұмыстар жүйелі жүруі үшін Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы әзірленетін болады. Аталған құжатта ауыл әкімдерін тікелей сайлау, олардың сайлаушылар алдындағы есептілігі, «халық қатысатын» бюджетті ендіру, жергілікті салық пен төлемдер ставкаларын өзгерту құқығы, жергілікті өзін-өзі басқаруды азаматтық қадағалау және тағы да басқа да мәселелер қамтылады.
Біз елімізде саяси диалог жасау мәдениетін жүйелі түрде дамытатын боламыз. Бұл үшін «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылдау жоспарлануда. Бұл заңда қоғамдық сараптама жүргізу мен бақылау тәртібі, азаматтық бастамалар мен онлайн-петицияларға жол ашу секілді тетіктер көзделеді.
Сондай-ақ, партия азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, экологиялық мәселелерді шешу, табиғатқа аялай қарау мәдениетін күшейту жайына жіті мән беріп, маңызды міндеттерінің бірі ретінде басымдық беріп отыр.
Жалпы, өңір халқымен кездесуде ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету, аграрлық саланы дамыту жайы да көтеріліп, жан-жақты талқыланды.
Осы жәйттер ескеріле отырып, «Nur Otan»-ның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 20-дан астам елді мекеннің 7 мыңдай тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жаңадан 27 денсаулық сақтау нысанын салу, облыста 67 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өңірдің тұрмыс-тіршілігінде ерекше маңызы бар Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасын іске асыру да ары қарай өз жалғасын табады.
Қашанда елдіктің ұйытқысы болып, әлеумет қамын күйттеген ауқымды жобаларды атқарып жүрген нақты істер партиясы - «Nur Otan»-ға дауыс беріңіз!






