Nur Otan атынан облыстық мәслихаттың депутаттығына екібастұздық үміткерлер анықталды
Екібастұзда «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХIX конференциясы өтті. Партиялық конференцияда сайлауалды бағдарлама мен қалалық мәслихаттың партиялық тізімі бекітілді.
Конференцияға «Nur Otan» партиясы Екібастұз қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев төрағалық етіп, делегаттарды күн тәртібіндегі сұрақтармен таныстырды.
- Партияішілік іріктеу өткізу кезінде қала тұрғындарынан 200-ден астам тілек-өсиет келіп түсті, — деді А.Қаңтарбаев. — Сұрақтардың 70 пайызы қаламызды абаттандырумен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен, жолдарды жөндеумен, көгалдандырумен байланысты болды. 30 пайызы — сапалы медициналық қызметтерді көрсету, балалардың бос уақытын қамту, баспана мәселесін шешу, ауылдық елді-мекендерді дамыту сұрақтарына қатысты болды. Келіп түскен әр сұрақ бойынша шешім қабылданды.
Конференция барысында ҚР Мәжілісінің және Павлодар облыстық мәслихатының партиялық тізіміне үміткер 19 партиялас арасында пікірсайыс өткізілді. Кандидаттар қаланың шешімін күткен өзекті мәселелерін ортаға салды.
"Праймериз" ақпараттық жүйесіндегі электронды дауыс беру, құпия қорытындысымен үздік ондыққа енгендер: Темірхан Әблезов, Мирхат Мусанап, Сергей Лепехин, Айнагүл Шавдирова, Мухаметкаир Андосов, Майя Мухамеджанова, Виталий Аваргин, Михаил Цыбанев, Ерболат Қоңырбаев, Альбина Кицул.
Айта кетерлігі, партиялық тізімде әйелдердің 2 есеге немесе 9.3%-ға, жастардың 13 есеге немесе 38,8%-ға өскендігі байқалады. Кандидаттардың орта жасы 51-ден 44-ке төмендеген.
Екібастұз қалалық филиалында 12 мыңға жуық партия мүшелері бар.
