Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өнім өндіру туралы қысқаша ой

Нұржігіт Нұрболатұлы інім өзекті бір пост жариялады. Бұл мәселе көптен бері айтылып, бірақ іске аспай келе жатырған мәселе еді. Пандемия осы пікірдің дәл қазір өзекті екенін көрсетті. Неге? Себебі бізге келетін көптеген тауарлар импорт, біраз қызмет көрсету жұмыстары шетелдік компанияларға берілген, кейбір мамандар өзімізде болса да шетелден әлі де келеді. Карантин кезінде туындаған қиындықтар, экономикамызға өте әсер етіп отыр, әсіресе жоғары да айтылған факторларға тәуелді компаниялардың жағдайы мүшкіл. Оның үстіне көмірсутегі шикізаттарының бағасы әлемдік нарықта түсіп кетті.

Шешімнің қандай жолдары бар?

1. Жер қойнауын пайдаланушы және басқа да ірі компаниялардың сатып алып отырған импорттық тауарларын, жұмыстарын, қызметтерін (ТЖҚ) ашық жариялау қажет. Шағын және орта бизнес (ШОБ) білу керек, қандай ТЖҚ-ды сырттан сатып алып отырмыз.

2. Тауар өндіретін кәсіпорындарға несиені арнайы қор жасақтап, тікелей банкілерсіз берген жөн, ставкасын 3% қылу керек, мерзімі 10 жылға дейін.

3. Құрал, жабдықтарын кепілдікке алу, оларды лизингке беру немесе «Даму» АҚ кепілдіктерін шешу сияқты көмек көрсетілу қажет.

4. Үш жылға дейін тауар өндіретін ШОБ қосымша құн (орысшасы НДС), корпоративтік кіріс, жер салықтарынан босату. Олардың коммуналдық шығындарын 50% дейін азайту және Қазақстан бойынша су, электр, жылу, газ және басқа да қызметтеріне бірдей тариф жасақтап беру.

5. Үкімет импортты алмастыратын тауарды шығаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің базасын жасақтап, өндірісті қадағалайтын вице-премьердің өзінің тіке бақылауымен, мұнай-газ және басқа да ірі компанияларға ШОБ-пен оффтейк немесе ұзақ мерзімді контракттарды жасату қажет. Егерде өнімнің интеллектуалды меншік құқығы (Патент, авторлық құқық т.с.с.) болса, қалайда бір көзден алдырту мәселесін түбегейлі шешкен жөн (қазір ондай норма болса да сақталмай отыр).

6. Өнім шығаруға арнап алынған, шетелден келетін технологиялардан, жабдықтардан кеден салығын, әр түрлі төлемдерді алып тастау қажет. Ең болмағанда 50% жеңілдік берілсе.

7. Шетелден экспаттарды әкелуді өте төмен деңгейге жеткізу, орта және төменгі сатыдағы персонал 100% қазақстандық болуы қажет.

Жалып осының бәрін арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) ұйымдастыруға болады. Көбінде инфрақұрылым бар. Мысалы біздің «Ақтау теңіз порты» АЭА 70% жеріъ бос тұр. АЭА Ережелерін өте қарапайым қылу керек. Өзіміздің отандық инвесторларда ақша салуға дайын. Жалпы бизнеске кедергі келтірмесе, ол тез дамиды. Тағы бір ұсыныс - облыс, қала және аудан әкімдерінің көрсеткіштеріне импортты алмастыратын өндіріс ашқанын бағалайтын индикатор енгізу керек. Әзірше осындай ойлар...

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ақтауда тағы бір импортты алмастыратын, үш этаптан тұратын бизнес жобаның бірінші этапы іске қосылды. Маңғыстаулық кәсіпкерлер Сингапур инвесторымен бірлесіп, мұнай-газ өндірісіне қажет, әлемдік стандарттарға сай жабыдықтарды шығарады. Отандық инвестордың үлесі 70% құрап отыр. Жалпы инвестиция көлемі 15 млн АҚШ доллары. Қазірдің өзінде ол өнімдерге сұраныс бар, болашақта «OSS Қазақстан» ЖШС экспортқа да өнім шығаруды жоспарлап отыр. Яғни, импорт алмастыру қолымыздан келеді!

Қазіргі жағдайдың өзінде өндіріс ашуға болады, ал егер жоғары да айтылған жеңілдіктер болатын болса, онда қарқынды өндіріс дамиды және «Nur Otan» партиясының бағдарламасында көрсетілген:

• 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,7%-тен төмендету;

• 2025 жылға қарай бюджеттің мұнайға қатыссыз тапшылығы 6%, жалпы – 3%-тен төмен, деңгейге апару;

• Барлық реттелетін сатып алуларға қатысты бірыңғай заң қабылдау, Бірыңғай сатып алу терезесін жасау, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан отандық өндірушілерден өнімді кепілді сатып алуды қамтамасыз ету;

• Инвесторлардың ағымдағы мәселелерін жедел шешу үшін әр жоба мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылығының жауапкершілігінде болуы;

• 2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 30 млрд. долларға дейін, ал негізгі капиталға инвестициялардың үлесі ЖІӨ-ге 30%-ке дейін өсу сияқты мәселелер толық іске асады.

0
0
171

Осы тақырып бойынша

Өнім өндіру туралы қысқаша ой - Yvision.kz