NEET санатындағы жастармен кездесу
NEET жастар деген кім? Олар қайдан шықты? Бұл сауал бүгінде бүкіл әлемді алаңдатуда. Себебі бұл санаттағы жастардың қатары жыл сайын көбеймесе азаймай тұр. Жалпы NEET термині қазақшаланғанда «жұмыс істемейтін, не оқымайтын, өзге де істермен шұғылданбайтын адам» дегенді білдіреді. Бұл топтағы жастар қазіргі күні өз қоғамымызда да пайда бола бастады. Жастардың еңбек етуге, білім алуға, түрлі шараларға қатыспауға көптеген факторлар әсер етуде.

Осы мәселе төңірегінде аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жастар үйінде «Болашағың өз қолыңда!» тақырыбында NEET санатындағы жастармен кездесу өтті. Кездесуді жүргізген «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесінің жетекшісі Нұрасыл Бекматов, аудандағы жұмыссыз жастардың ахуалына тоқталды.
–Қазіргі таңда аудандағы NEET санатындағы жастардың саны – 43. Бұл былтырғыға қарағанда төменгі көрсеткіш. Осы санаттағы жастарды толық анықтау мақсатында формулалар әзірленіп, жобалар жасалуда, – деді ол өз сөзінде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған жолдауында «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде» деген болатын. Осылайша жастарды жұмыспен қамту мәселесінің өзекті екенін айтқан.
Жиында қоғамдық кеңес мүшелері NEET санатындағы жастардың санын азайтуда өз ойларын ортаға салды.

–Бұл топтағы жастардың санының артуына көптеген факторлар әсер етуде. Соның бірі – жалақының төмендігі. Өйткені жастар аз жалақы төленетін жұмыстарды істегісі келмейді. Тіпті мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұруға қарсылық танытатындар бар. Тағы бір жағдай қаржылық әрі заң тұрғысынан сауаттылықтың төмен болуы. Оған қоса жас қыз-жігіттердің басым бөлігі мемлекет тарапынан ұсынатын мүмкіндіктерден бейхабар. Осыдан кейін олардың аса қатты қызығушылық танытпайтынын айтуға болады. Мемлекет бұл жағында ескеріп түрлі жобалар ұсынуда. Мәселен «Бизнес періште» жобасын айтайықшы. Шаруашылықпен айналысам деген жанға бұл жобаның үлкен көмегі көп. Тек жастарға ынта керек, – деді кеңес мүшесі Нұрбай Жанаділов.
Осылайша кездесуде өзекті мәселе қаралып, шешімді жолдары ұсынылды.
