«Не молчи» қоры және оның жетекшісі Дина Таңсәрі туралы
Ер адамның айтуынша, оның бұрынғы әйелі «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәріге, зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым деп өтірік айта салған. Мұндай жала жабудың салдары әлеуметтік желіде «жапа шегушінің» экс-күйеуі мен оның отбасына қарсы айыптау мен тіл тигізуге ұласқан.
«Қалайша мен прокуратураны, сотты және полицияны сатып ала аламын?! Бұл мүмкін емес қой! Олар бірақ жұртшылыққа солай көрсетті. Ол менің қолымды бар күшімен есікпен ұрғанда ғана жеңдім. Сотта жеңіске жеткенім сол еді, «қудалау жалғасуда» деп мәлімдеді. Барлығын астаң-кестең етті. Өмірім быт-шыт өзгеріп, екі рет өзіме қол салуға сәл қалдым. Әбден амалым құрып, тығырыққа тірелдім. Телеарналардың түгелі мені мейірімсіз зұлым етіп жар салды. Тіпті кейбір пікірлердің арасында мені тауып, жазалауға шақырған ұрандарды көзім шалды. Фейк аккаунттар «Нағыз еркектер қайда, неге жазасын бермейді?» деп арандатумен болды. Полицияға жеке бас деректерімнің жазылып жатқанына арызданып жүгіндім. Бәрі маған саусағын шошайтып, алакөзбен қарауды шығарды», - дейді мұңын шаққан ер адам.
Қазір ол Дина Таңсәрімен соттасуда. Алайда оған қарсы қалыптасқан қоғамдық пікір еңсені көтертпеуде.
«AdilbekovLIVE» YouTube-арнасының авторы, журналист Данияр Әділбеков «Не молчи» қорының төңірегіндегі дау-дамай оның негізі қаланғаннан бері толастамай келетініне назар аударды.
Мәселен, кейбір адамдар ұйымды гендерлік террор, жеке деректерді тарату және тақырыпты біржақты етіп беру мәселелері бойынша кінәлайды.
Соның бірінде, Таңсәрі ханым, бұрынғы бай күйеуі мүгедек ұлын түксіз қалдырды деп айыптаған әйелдің оқиғасын әңгімелейді. Блогер Денис Кривошеев жағдайдың басқа қырын көрсетіп, ер адамның жұбайының шотына қомақты сома аударып, көмектескені туралы құжаттарды жариялады.
Жақында қордың айналасындағы даулар мен қарама-қайшылыққа толы қауесеттер жаңа леппен тарай бастады. Дина Таңсәрінің өзі қор зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау үшін жұмыс істейді деп сендіреді.
