Үндістанда өткен әлемдік шахмат олимпиадасына 2000 аса қатысушы келді
Партия белсендісі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Жансая Әбдімәлік Үндістанда ең мықты спортшылар ғана жарысатын бірінші тақтада ойнап, дүбірлі додада қола медаль жеңіп алды. Жансаяның жүлделі үшінші орны бәсекесі жоғары әлемдік шахмат қоғамдастығындағы үлкен жетістік, зор табыс болып саналады. Жансая Әбдімәлік 2020 жылы шахматтан әлем чемпионы атанды. Ол сондай-ақ 2018 жылы ерлердің халықаралық гроссмейстер атағы үшін қойылатын норманы орындап шықты.
Қазақстанның қыздар құрамасы Ченнаи қаласында өткен әлемдік 44-ші шахмат олимпиадасында 5 орын алды. Бұл тәуелсіз еліміз бен ұлттық құрама тарихындағы ең үздік көрсеткіш.
«AMANAT» партиясы елде шахмат спортын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Партия бұл спортты халық арасында кеңінен насихаттауға, шахмат ойнайтын жастар мен балалардың қатарын көбейтуге мүдделі. Себебі шахмат интеллектуалды ұлт идеясын жүзеге асырудың тиімді құралы. Осы мақсатта биыл мамыр айында елордада шахматтан «AMANAT CUP» турнирі ұйымдастырылды. Оған 200 ден аса үміткер қатысты. Бұл жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
