Өндірісті өңір жұмыс орындарын ашуда көш бастап тұр
Ілкіде өндірісі өрге баспай іркіліп, жұмыссыздық қамыты қос өкпеден қысқан өңірдің бірі Қарағанды болатын. Сөйткен аймақтың бүгінде айдарынан жел есіп тұр. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының орындалысы бойынша Қарағанды өзгелерден қара үзіп келеді. Өткен жылы бағдарлама аясында екі мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Биыл да сонша адамға кәсіп тауып беру жоспарланып отыр. 165 жаңа кәсіпорын, 14 мыңдай жұмыс орнының ашылуы алдағы үш жылдың еншісінде.
Қанағат 26-шы кәсіби лицейді электрик мамандығы бойынша бітірген. Алайда, қалада сұранысқа ие саналатын электр желісінің маманы, ауылдан жұмыс таппай қиналған соң, аудандық Жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Үміті ақталды. Көкпекті ауылындағы 16 -шы лицейге жолдама алып, үш ай трактор жүргізуші мамандығын оқыды. Мемлекеттің шәкіртақысымен бірге барыс-келіс жолақысына қосымша жәрдемақы да алып отырды. Көп ұзамай тұрақты 44 мың тенге жалақысы бар жұмысқа орналасты.
Қанағат Ахметов, жүргізушісі:
Үш ай бойы оқыдым, стипендиясын бәрін төлеп отырды. Осы мамандығым бойынша Ақнар птицефабрикасында жұмыс істеп жүрмін. Өз жұмысым өзіме ұнайды.
Бүгін Қарағанды облысына іс сапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев осы «Жұмыспен қамту» бағдарламасымен жете танысты. Алдымен, Вице-министр Теміртау қаласындағы Политехникалық колледжге аялдады. 14 түрлі мамандық бойынша білім беретін оқу ордасынан әр жыл сайын 600-ге жуық түлек қанаттанып шығады. Білім шаңырағы «Еңбекпен қамту» бағдарламасына да белсенді қатысып келеді. Өткен жылы мұнда 232 адам қайта даярлау курсынан өткен.
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Ерекшелігі, осы Қарағанды облысында қай оқу орнына барсақ та жаңа техникамен жабдықталған, базасы жақсы. Токарь болса, классикалық түрде үйретеді, компьютермен жасалатын жұмыстардың барлығын көрсетеді.
«Еңбекпен қамту» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл Қарағанды облысына 4 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Екі мыңға жуық адам қосымша мамандық алып, жұмысқа орналасады.
Әбілғазы Құсайынов, Қарағанды облысының әкімі:
Біз қазіргі уақытта алдымыздағы 3 жылға үлкен бағдарлама қарастырып жатырмыз. Сол бойынша облыста 165 жаңа кәсіпорын іске қосылады, 551 миллиард теңге инвестиция құйылады. 14200 жұмыс орны ашылады.
Өндірісті өңірмен қатар ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту да жолға қойылды. Өткен жылы 190 ауыл тұрғыны өз кәсібін ашты.
Ербол Орынбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Ауыл-аймақты аралап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдадық. Көпшілігі «бағдарламаның екінші бағытына толықтыру енгізілсе, яғни, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша лизингке техника берілсе» деген тілектері бар. Біз бұл мәселені Үкіметте қарастырамыз, шешіледі деп ойлаймын.
Алдағы үш жыл ішінде аймақта 165 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 14 мыңдай жұмыс көзі пайда болады. Бұл, әлеуметтік жағдайдың әлеуетін арттыра түспек.
