Нағыз қазақ – домбыра!
Міне көптен күткен сәт келді. Бұл жастар басқа жерлерді өз аяқтарымен басу үшін көп тер төккен болатын. Барлығының бір мақсаты шет елде оқып, өз білімін жоғарлату еді.
Ұзақ жолдан соң, шетелдегі университет жатақханасына орналасты. Ертесіне сабақ та бірден басталып кетті. Алыстан ел асып келген студенттер мұнда бір топта оқиды екен. Дәріс басталды, оқытушы сабақты бірінші танысудан бастады. Студенттер де, оқытушы да қай студент қай елден келгенін тілінен, түрінен бірден тани қоя берді. Ал қазақ студенттеріне келгенде сәл кідіріп қалды. Ағылшын тілінде:
- Сендер қай ұлтcыңдар? Түр сипаттарың қытайға ма, жапонға ма, жоқ, cәл испандықтарға ұқсайтын секілді,-деп басы қатты.
Арттағы студенттер “самурайлар” деп әзілдеп күліп жатты.
- Жоқ, ұстаз! Біз - ҚАЗАҚпыз!
- Аааа, Қазақстаннанбыз деңдер.
- Қазақстан туралы білетініңіз бар ма еді?
- Жоқ, шамалы ғана.
Содан соң қазақ студенттері Қазақстан қай жылы тәуелсіздік алғаны туралы, тарихы мен мәдениеті жене ғажап Астана туралы айтып берді. Қазақстан Еуразиядан ойып орын алып тұрса да, барлығы үшін бұл жаңа ақпараттар еді.
Бір-екі апта шамасындай уақыт өтті. Сабақ жүре берді. Бірақ әлі де “қазақ” сөзі басқа студентерге де, ұстаздарға да жаңа болып қала берді. Кейбіреулердің арттарынан “жапондықтар” деп айқайлағандары тоқтамады.
“Жоқ, бұлай жалғаса беруге болмайды! Әлемде үлкендігі бойынша тоғызыншы орын алған, тарихы мен мәдениеті тереңде жатқан Қазақ ұлты мен елі туралы неге білмейді екен бұлар? Естерінде мәнгі қалу үшін не істесек болады екен?”- деген ой қазақ студенттеріне маза бермеді. Сонда, “Біздің өзімізбен әкелген домбырамыз бар ғой! Неге шертіп, көрсетпеске? Бұл аспап тек бізде ғана бар”- деген шешімде келе қойды.
Ертесіне домбыраны алып барғаннан бастап, ол барлық назарды өзіне аударды. Барлығы таңдайын қақты. “Мұндай да аспап бар екен ау әлемде, өзі екі ішекті, тағы жеп жеңіл екен”-деп домбыраны бәрі ұстап көргісі келіп, қолдан қолға өте берді. Барлығы бір ауыздан қазақтарға домбыраны шертіп беруін сұранды. Құрманғазының “Адайы”, Нұрғиса Тілендиевтің “Аққуы”, Сәкен Тұрысбековтың ‘Көңіл толқыны” бірінен соң бірі ағыла берді. Бәрі ұйып тыңдады. Соңында ду шапалақ та ұрылды. Барлығы бір керемет сезімге бөленгенін, көз алдында қырлы жерлердің елестегенін, алыс уақытқа кеткендей болғандығын айтты. Олар өздері білмей Қазақстанды сипаттап тұрды. Міне домбыраның құдеріті деп осыны айт!
Келесі күні қазақ студенттері кетіп бара жатқанда шетелдің бір студенті екіншісінен “Бұлар кімдер?” - деп сұрағанда, ол оған “ҚАЗАҚТАР”- деп жауап қатты. Иә, иә жапондық емес, қытайлық емес Қазақтар! Сол кезде қазақ студенттерінің бойын мақтаныш кернеді. Сонымен қоса қазақ күйінің бәріне ұнағаны сонша, барлығы ұялы телефонына “Жұмырқылыш”, “Көре ұлы” қазір әлемге аты танылып “Ұлы Тау” тобы орындап жүрген күйлерді басып алып, тыңдай бастады. Барлығы “Бұл ұлы музыканы азаннан түнге дейін тыңдауға дайынбыз, әуені құлағымыздан кетпейді” - деп тамсана берді.
Сонда ата-бабамыз айтып кеткен “Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра” деген сөздің мағынасын толығымен ұғынғандай болды бұл қазақ студенттері.
