Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Н.Ә.Назарбаев: Ұлытау ұлы мекен, қасиетті жер

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін Жезқазған өңіріне келіп, тек аймақ үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол  магистральдарының тұсауын кестіңіз.

Бұл – біздің ел үшін шын мәніндегі тарихи оқиға. Енді осы сапар ауқымында Қазақ елінің рухани орталықтарының бірі – қасиетті Ұлытау жеріне арнайы ат басын бұрып отырсыз. Кезінде ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, біздің елдің «тарихы қалың». Ендеше, сол тарихымыздан, әсіресе, қазір біз әңгімелесіп отырған Ұлытауға байланысты тарихымыздан халқымыз қандай тағылым алуы керек?

источник: http://today.kz/kz/kazakhstan-news/2014-09-29/n-%D3%99-nazarbaev-%D2%B1lytau-%D2%B1ly-meken%D2%9Basietti-zher/– Біріншіден, Жезқазған жерінде үлкен тарихи оқиға болды деп санаймын. Бұл – Жезқазған өңірінен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың мыс кенін табуымен және Жезқазған қаласының орнығуымен сабақтас нәрсе. Қазір арада 50-60 жыл өтті, қаншама кен шығарылды, мыс алынды. Жер қойнауындағы байлықтың таусылатын кезі болады. Жезқазғанның төңірегіндегі мыс кені де таусылып, қаланың жағдайы нашарлай бастады. Бұл – табиғи жайт. Кеңес Одағы тұсында әрбір кен орны,  әрбір электр стансасы төңірегіне ауыл салынатын еді ғой. Ал енді мына жердегі жұмыс ауқымы біткеннен кейін халық не істерін білмей қалды. Жезқазғанның теміржол тұйығында тұрғаны бәрімізді әр уақытта қинайтын еді. Екіншіден, Кеңес Одағы кезінде барлық теміржол Ресейге қарай салынды. Ал көлденең жүретін, елді бір-бірімен қатыстыратын жол салынған жоқ. Ол Кеңес Одағының да, Ресейдің де ешқандай жоспарына кірмеді. Қазақстанды ешкім ойламады. Енді, міне, еліміздің экономикасы ілгерілеп, 500 миллиард теңге ақша бөлінетін жағдайға жеткеннен кейін осындай 1200 шақырымдық теміржол салынып отыр. Бұл – айта салғанға өте оңай. Ал маңызына келсек, алдағы 50-100 жылда пайдаланатын игілігіміз. Жаңа тікұшақпен ұшып келе жатқанда өзің көрдің, тақыр даланың торғай қонатын бұтасы жоқ. Сол тақыр далада ел тұрмайды. Себебі, оған жұмыс та жоқ, шаруашылық та жоқ. Ал теміржол төрт облыстың бірнеше ауданына тіршілік нәрін береді. Теміржолдың бойынан жұмыс табылады. Жұмыс болғаннан кейін кенттер бой көтереді. Халық қоңданады, даламызды ел жайлайды. Экономикалық жағы өз алдына бір мәселе.Комбинаттың жұмысын ұзарту үшін былай істейді. Жердің астында қалған «целиктер» болады. Шахтаның төбесін ұстап тұру үшін жер қойнауына үлкен-үлкен кенді қалдырып қояды. Сол кеннің ішінде мыстың бай қоры жатыр. Оны алайын десең, үстінде тұрған ауылдар бар. Ол ауылдарды көшірмесе, «целикті» алған кезде ойдым-ойдым жермен бірге төмен түсіп кету қаупі төнеді. Сол үшін мемлекет 250 миллион қаржы шығарып, жұпыны үйлерде тұратын 6 мың халықты жақсы үйлерге көшіріп, астындағы кенді алады. Кеннің өзінің 200 миллион тонна рудасы болса, содан 2 миллион тонна мыс шықса, комбинат үшін 20-30 жылға жұмыс табылады деген сөз. Одан кейін барлау жұмыстары жүрер болса, жұмыс орны көбейе береді. Сондықтан мұның маңызы өте үлкен.
Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүние жүзінен – Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген.
Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Мұнда тұрған тау – аумағы 200 шақырым қырат-қырат таулар. Ең биігі – Әулиеата деп аталады. 1100 метр. Одан ағып жатқан, мына біз маңында отырған бұлақ Әулиебұлақ деп аталады. Осының  бәрін ата-бабамыз бекер атамаған ғой. Жаздың күні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады. Мына таудан бұлақ ағады, төңірегі жайылымға қолайлы. Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін  шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады. Қазақтың кең даласында диалект сөздің жоқтығы содан деп ойлаймын. Батыс Қазақстанды, Атырау облысы мен Шығыс Қазақстанды, Оңтүстікті алып қарасақ, барлық әдет-ғұрпымыз, баланың тууы, қыз ұзату, үйлену тойы, сүндет тойы, өлгендерді жерлеу салты бір-бірімен үндес. Мысалы, Қытайдың солтүстігі мен оңтүстігінің, батысы мен шығысының арасы біздегі сияқты 3 мың шақырым болса да, Пекиннің адамы оңтүстіктің тілін түсінбейді. Бізде олай емес.
Ұлытаудың қасиеті осындай. Кең байтақ жерде қазіргідей ұшақ, теміржол, автокөлік жоқ. Бір-біріне барып көмектескенше не заман? Әрқайсысы өзін өзі сақтап қалу керек болды. Сондай замандар өткен. Мысалы, Отан деген үлкен ұғым. Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сондықтан тарихыңды білген жөн болады. Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. Оны білуіміз керек.
Кезінде мен астана болатын жер іздегенде Ұлытауды көрейін деп әдейі келдім. Қазақ жерінің нағыз орта тұсы екені рас. Бірақ қазіргі заман талабымен қарасақ, бұл жерде не жол, не су, не әуежай жоқ – ешнәрсе де жоқ. Бұл жерге қыруар қаражат керек болар еді. Бәрібір елдің ордасына лайықты жер емес-ті. Бірақ қасиетті мекен ретінде бағалана береді. Міне, теміржол, басқа да жолдар салынып жатыр. Келешекте туризм орталығы болып, халқымыз келіп тәу ететін қастерлі жер болып қала береді. Мұнда Жошы ханның ордасы болған деп те айтады. Жошының қазасын естірткен кезде «Ақсақ құлан» деген күй шыққан. Бұл мекеннің осындай кереметтерін тани білуіміз керек.

Сұхбаттасқан Ринат Думанұлы

Источник: Today.kz

0
0
1352

Осы тақырып бойынша

Н.Ә.Назарбаев: Ұлытау ұлы мекен, қасиетті жер - Yvision.kz