Н. Назарбаев: Инфляциялық таргеттеуге көшу – мәжбүрлік
Инфляциялық таргеттеуге көшу – ол мәжбүрлік, бүгінгі жағдайда бізде басқа таңдау болмады, жан-жақты сараптай келе теңгенің еркін бағамына көшуді дұрыс деп шештік, деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы еліміздің ірі өндірушілерімен кездесу барысында.
«Бүгінде жұмысқа орналасу, жалақыны төлеу жағдайы нашарлап барады. Бүгіннің өзінде бюджетпен байланысты жағымсыз жағдайларды байқап отырмыз. 2015 жылы бағалау бойынша бюджетке 264 миллиард теңге қаржы түспей қалған. Ал, бұл қаржының барлығын біз көптеген құрылыс жұмыстарына, бағдарламаларға шығындауды жоспарлаған болатынбыз. Осыған дейін хабарлағанымдай, біз өзіміздің барлық шығындарымызды барыншы қысқартуға мәжбүр болдық, әрине әлеуметтік шығындарды алмағанда», - деді Елбасы.
Н. Назарбаев атап өткендей, мұндай жағдайда Қазақстанның алдында үш таңдау болды және инфляциялық таргеттеуге көшу ол ең дұрысы.
«Осындай қиын қыстау кезеңде үш таңдауымыз болды. Алғашқысы ештеме жасамай қарап отыру, бұл өз кезегінде өндірісімізді төмендетіп, валюталық резервіміздің күлін көкке ұшыру болар еді. Екіншісі теңге бағамын белгілі дәліз аралығында толығымен құнсыздандыру болып табылады. ҚР Ұлттық банкі бұл саясатты соңғы жылдары ұстанып келді. Алайда бұлда алтын-валюталық қордың шығындалуын қажет етеді. Яғни, жаппай шығынға ұшыратады. Сондықтанда, біз жан-жақты сараптай келе теңгенің еркін бағамына көшуді дұрыс деп шештік. Бағам сұраныс пен ұсыныстар негізінде анықталатын болады», - деді Ұлт көшбасшысы.
«Турасын айту керек, инфляциялық таргеттеуге көшу – ол мәжбүрлік, бүгінгі жағдайда бізде басқа таңдау болмады. Өздеріңіз білетіндей біз өзіміздің бағдарламаларымызды басқаша жоспарладық, алайда дағдарыс әрдайым өз түзетулерін енгізеді. Индустриалды – инновациялық бағдарлама, қайта өңдеу өнідірісін салу осы мәселе бойынша алдын-ала дайындық болатын. Жақсы кездерде ақшаны жинау, қор құру олда дайындық болатын», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент толықтырып кеткендей, Қазақстанның ЕАЭО бойынша серіктестері де өз валюталарын долларға шаққанда құнсыздандырған. Ресейлік рубль екі есе, беларусиялық 56 пайызға, армениялық валюта 17 пайызға құлдырап кеткен. Осылайша көптеген елдер өз валюталарын жаппай құнсыздандырған. «ҚР Ұлттық банкінің бағалауы бойынша, еліміздің экспорты алғашқы жарты жылдықта 73 пайызға төмендеген. Импорт өсіп, елміздің сауда балансы азаюда. Бүгіннің өзінде біз кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілігінің төмендегенін көріп отырмыз және оның бәрі жұмысшыларға әсер етуде», - деп түйді Елбасы.
