Н.Назарбаев: Қазақстан туы — бүкіл әлем үшін табысты мемлекет символы
Қазақстан туы - бүкіл әлем үшін табысты мемлекет символы, деп мәлімдеді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінің алаңында дәстүр бойынша өтіп жатқан Мемлекеттік туды көтеру салтанатты шарасында.





«Туға құрмет – елге құрмет. Біз туды еңселі елдік пен ерен ерліктің ерекше белгісі ретінде қастерлейтін боламыз. Бұл бізге бабаларымыз мирас еткен дәстүрлердің бірі. Биыл біз Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдық мерекесін атап өтейік деп отырмыз. Байрақты батырларымыз бен ержүрек бабаларымыз елдігіміздің негізін қалаған. Әнұран әуенімен көтерілген көк байрақ әр қазақстандықтың бойына жігер, жүрегіне нұр құяды деп сенемін. Рухын асырып, мерейін тасытады. Сондай асқақ сезімнен қуат алған ерлеріміз бірлігіміздің берік қорғаны болады деп кәміл сенемін»,-деді сөз басында Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан туы - бүкіл әлем үшін табысты мемлекет символы.
«Еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың мерекесі бүкіл Қазақстанның мерекесі екенін білесіздер. Бас қаламыз тұтас ел дамуына серпін берген, кемел келешекке жол ашқан қастерлі бойтұмарымыз. Бүгін шын мәнінде Еуразия жауһарына айналған Астана елімізді биік белестерге жетелеп тұр. Жаһан жұртының назары ауған халықаралық шаралардың елорда төрінде өтуі осының белгісі. Біз тәуелсіздік жылдары жаңа астана салу арқылы халқымыздың жасампаз қуатын дүниежүзіне паш еттік», - деді Қазақстан Президенті.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Мемлекеттік туды көтеру, сондай-ақ, курсанттарға офицерлік погон табыстау салтанатты шарасы өтуде.
«Мемлекеттік туды көтеру Елорда күніне арналған мерекелік шараларға бастау беретін дәстүрге айналды», -деді Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шарасында.
«Офицер – бұл бірінші кезекте қабілет, кейін мамандық. Офицерлік қызметті бұлжытпай өтеу ержүректілікті, тектілікті, Отаныңа деген сүйіспеншілікті және қамқорлықты талап етеді», - деді Ұлт көшбасшысы.
Шара барасында, Елбасы жақында ғана Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрсетілген құрметті атап өтті.
«Мемлекеттік туды көтеру Елорда күніне арналған мерекелік шараларға бастау беретін дәстүрге айналды. Астана – баршамыздың есіл еңбегіміздің нәтижесі», - деп толықтырды ҚР Президенті.
