Н.Назарбаев А.Лукашенконы президенттік сайлаудағы жеңісімен және А.Атамбаевты парламенттік сайлауды сәтті өткізуімен құттықтады
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының Бурабай ауылында өтіп жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы мемлекет басшылары кеңесінің ашылуында Беларусия Президенті Александра Лукашенконы президенттік сайлаудағы жеңісімен және Алмазбек Атамбаевты парламенттік сайлауды сәтті өткізуімен құттықтады.
«Менің ойымша, кеңесімізді бастамас бұрын әріптесіміз, әрі досымыз Александр Григорьевич Лукашенконы президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтағанымыз дұрыс болар және жауапты қызметте табыс тілейміз. Сіздің басшылығыңызбен барлық бағыттар бойынша біздің интеграциялық процестеріміз күшейе түседі деген сенімдемін», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Қырғызстан халқы мен Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевты сәтті парламенттік сайлауды өткізуімен құттықтады.
«Қырғызстан халқы мен Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевты парламенттік сайлауды сәтті өткізуімен құттықтағым келеді. Бұл өте жақсы, себебі алғаш рет көптеген жылдар ішінде сайлау өте тыныш өтті және халық кезекті рет өзінің даналығын көрсетті. Жогорку Кенештің жаңа құрамы сенімдеріңізді ақтайды деген ойдамын. Құттықтаймын!», - деп толықтырды Мемлекет басшысы.
«Бүгінгі ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Достастықтағы Қазақстанның төрағалығымен өтуде. Қазақстан ТМД құрылғалы бері біздің елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастық үшін жұмыс жасауда», - деді Елбасы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл 11 посткеңестік кеңістік елдерін қосып отырған бірегей алаң, өңірде оған ұқсас алаң жоқ. «Біз мұнда халықаралық саясаттың ең өзекті мәселелерін талқылап, пікір алмаса аламыз. Бүгінгі шара ТМД елдерінің дамуына өз үлесін қосып, біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына әкеледі», - деді Елбасы.
Ұлт көшбасшысы атап өткендей, бүгінгі отырыстың күн тәртібі 17 мәселені қамтиды.
«Мәселелердің ауқымды блогы тәртіп пен қауіпсіздікті қамту саласына бағытталған. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай және халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдемелер, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығымен байланысты үндеу қабылдануы жоспарлануда. Бекітілген құжаттар ынтымақтастықтың тереңдеуіне әсер етеді", - д»ді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, Ақмола облысының Бурабай ауылында ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы басталды. Шара барысында достастық аясындағы ынтымақтастық талқыланады. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай және халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдемелер, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығымен байланысты үндеу қабылдануы жоспарлануда.
