Ұн мен мастиканың әміршілері
Колледждерде заманауи құрал-жабдықтардың болуы студенттердің таңдаған мамандығын тереңдеп игеруіне жол ашып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімділігін де арттырады. Жұмыс беруші жас маманнан көрмеген-білмеген нәрсесін талап етсе, әлбетте, қиын. Сондықтан, теориялық білімнің тәжірибемен қатар жүруі аса маңызды.

Бүгінгі кейіпкеріміз – Зарипова Гүлжанат Әнуарқызы. Алматы экономика колледжінің өндірістік білім беру шебері. Ол студенттерге «Нан-тоқаш, макарон және кондитер өндірісінің технологиясы» деген мамандықтан сабақ береді. Гүлді қатты жақсы көретіндіктен, бос уақытын қызының гүл сататын салонында өсімдіктерге күтім жасаумен өткізеді.

Гүлжанат Әнуарқызының колледжде жұмыс істеп жатқанына 40 жыл. Кезінде өзі де осы оқу орнын «Дәнді дақылдар технологы» мамандығы бойынша бітірген, бірден осында сабақ беруге қалған. Балаларға осы өнердің қыр-сырын үйретуді жан-тәнімен жақсы көреді. Әлбетте, мұнда оқу процесі заманға сай жабдықталған, аспаздар мен кондитерлердің жұмыс процесімен пара-пар зертханада өтеді ғой. Мұнда нан илейтін, ұн елейтін, қамырды жаятын машиналармен қатар, пицца пісіретін пеш, конвекциялық пештер, қамырға арналған шкаф бар. Бұл жерде тұрған италиялық пештің «Беккер» компаниясында тұрған пештен ешқандай айырмашылығы жоқ. Бар айырмасы өндірілетін өнімнің көлемінде ғана.

Зертханада нан-тоқаш, макарон және кондитер өндірісінің технологиясы бойынша білім алатын студенттер тәжірибеден өтеді. «Кондитер» – колледждегі жұмысшы мамандықтардың ішіндегі жаңасы. 2016 жылы ашылып, 25 бала қабылданған. Көңілі қалаған кез келген үміткер мұнда тегін білім алады. Оқуға түсер алдында емтихан тапсырады, негізгі пән – химия. Кондитер болғысы келетін студенттер үшін практика оқудың алғашқы күнінен басталады. Төрт күн теориялық білім алады да, дүйсенбі күні сол үйренгендерін тәжірибе жүзінде жасап көреді.

Болашақ кондитерлер бірінші курстың соңында ең негізгі деген машықтарды меңгеріп шығады. Ал өндірістік тәжірибе екінші курста басталады, бұл кезде олар семестрдің жартысын өндірісте өткізеді.

Біз Гүлжанат Әнуарқызымен әңгімелесіп жатқанда студенттері бізге арнап бірнеше торт пісіруді бастап кетті. Олардың бірі колледж ғимаратының үлгісімен жасалғанын әбден дайын болғанда көрдік. Біз ол торттарды болашақ кондитерлердің шеберлігіне баға берсін деген оймен танымал қазақстандық стартап-командаларға ұсындық. Ал студенттердің қандай торттар пісіргені туралы мақаланың соңында оқи аласыздар.

Гүлжанат Әнуарқызы студенттер асхана ішіндегі бүкіл процесті жете білуі керек деп есептейді. «Соның ішінде, мәселен, балалар ұнның неден жасалғанын да білуі керек. Жақсы торт пісіру үшін ұнның қай түрі дұрыс екенін білу аса маңызды. Қамыр дұрыс болса, ол қолмен ұстағаннан-ақ сезіліп тұрады. Студенттерді қамырды қолмен илеп, қолмен жаюға үйретемін, бұл оны сезінуге мүмкіндік береді», – дейді ұстаз.

Гүлжанат Әнуарқызының айтуынша, қызметін жаңа бастаған кондитерлердің маңызды міндеттерінің бірі – ұлпаның сапасын айыра білу. Егер ұлпа әлсіз болса, сапасы нашарлау болса, яғни астық дұрыс болмаған деген сөз, ұн да соған сай болады. Оқытушы студенттерге 25 грамм ұн мен 14 миллилитр суды араластырып, қамыр илеуге, ақ сағыздай болғанша иін қандырып, созылмалылығын тексеруге тапсырма береді. Егер қамыр 17-18 сантиметрге дейін созылса, ұлпаның сапасы керемет деген сөз. Одан кейін студенттер қамырдың 4 грамын алып, ұлпаның өзгергіштігін өлшейтін арнайы құралды пайдалана отырып, оның сапасын анықтайды.

Гүлжанат Әнуарқызы әр сабақта студенттерге осы мамандықтың құпия сырларын ашудан жаллықпайды: «Бисквит жасаған уақытта қант пен ұнды әппақ көбік болғанға дейін әбден араластыру керек. Ұнды елеп барып пайдаланған жөн. Сонда бисквит үлпілдеп тұрады», – дейді. Оқытушы студенттерді құралдар мен материалдарды ұқыпты ұстауға, оқу орнының зертханасында емес, өз үйінің ас бөлмесінде жүргендей қарауға да үйретеді. Мұндайда өзі бас болып үлгі көрсетеді. Сынып қалған електі үйіне апарып, күйеуіне жасатып алып келгені соның дәлелі. Педагог пештерді де мұқият бақылап жүреді. «Сабақ аяқталып, балалар кеткеннен кейін барлығын сүртіп шығуға ерінбеймін. Неміс серіктестеріміз келгенде мұндағы тазалыққа қайран қалысты. Өзім екі оқу кабинетінің меңгерушісімін. Үнемі ерте келіп, сабынды сумен бүкіл партаны сүртіп шығамын», – дейді ұстаз.



Таза үстелдің үстінде жұмыс істеу де бір ләззат. Ал болашақ кондитерлер тек тәтті пісірумен шектелмейді, түрлі тағамдар жасайды. «Студенттер пицца пісіргенді жақсы көреді. Мысалы, «Маргарита» орташа есеппен 1500 теңге тұрады. Мен оларға пиццаны өздері пісіруге болатынын айтамын. Дәмдірек болады, сапасы да жақсы әрі арзанға түседі. Ал қажетті азық-түлік жоғары сапалы болуы керек. Ірімшік пен қызанақ жақсы болса, пиццаның дәмі де ерекше болады», – дейді Гүлжанат Әнуарқызы.


Тәттілерден студенттерге рогалик пісірген ұнайды. Қамырын минералды сумен және сұйық маймен илеп, арасына банан салып жасайды. Қыста арасына жеміс салынған тәттілерді пісіру кезінде, мысалы, алхоры қосылған бәліш пісіру үшін Гүлжанат Әнуарқызы колледжге үйінен тосап алып келеді. Бұл тосапты ол жазда жасап қояды, ал алхорыны өз үйінің бағында өсіреді. Күтіп-баптауға күйеуі көмектеседі. Айтпақшы, ол кісінің күйеуі чебуректі өте жақсы дайындайды екен.

Гүлжанат Әнуарқызының отбасында барлығы да тамақ жасағанды жақсы көреді. Үлкен қызы анасының жолын қуып, осы колледжді бітіріпті. Оқып жүргенде тиын-тебен болсын деп гүл сататын дүңгіршекте сауда жасапты да, оқуды бітіргеннен кейін өзінің гүл сататын салонын ашыпты. Гүлжанат Әнуарқызы бос уақытында осы салонда солып бара жатқан гүлдерге күтім жасаумен айналысады.

«Құтыдағы гүлді алып келеді де, «болды, солып қалды» дейді. «Солған жоққ, қазір тірілтеміз» деймін мен. Топырағын ауыстырамын, күтім жасаймын. Бірде қызым жеті шелектегі шегіргүлді алып келіпті. Бәрі де солып қалған екен. Мен олардың топырағын ауыстырып, тыңайтқыш сеуіп едім, бәрі тірілді. Кейде маған солып қалған орхидеяларды, сабағы ғана қалған шелектегі ағаштарды алып келеді. Мен соның барлығын күтіп-баптап, қатарға қосамын. «Сіздің гүлдеріңіз ашытқы қосқандай-ақ өсіп шығады» деп күледі қызым», – дейді Гүлжанат Әнуарқызы.

Сұхбатымыз соңына таяған уақытта студенттер екі тортты пісіріп үлгерді. Бірі шоколад пен банан қосылған бисквит, екіншісі балқаймақ қосылған бисквит. Біз бұл тәттілерді стартаппен айналысатын One Source, SmArt.Point, ZeroToOneLabs командаларына дәм тату үшін ұсындық. Ал Гүлжанат Әнуарқызына жаңа табыс тілесек, студенттеріне «дәмді» жаңалықтар көп болсын дестік.



