Музыкаға деген махаббатты электромеханикамен қалай үйлестіруге болады?
Музыкаға деген махаббатты электромеханикамен қалай үйлестіруге болады?
Алматы құрылыс-техника колледжі мен онда қызмет ететін тамаша жандар туралы мақалаларымызды жалғастыра келе, шәкірттерге шабыт сыйлайтын ұстаздардың бірі Нұрмәдиев Ақан Қайсанұлымен таныстырмақпыз. «Автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқаратын маман бос уақытында домбыра тартып, гитарада ойнайды.
«1975 жылдан 2009 жылға дейін Семейдегі мал өсіретін «Қалбатау» зауытында қызмет еттім. Онда көлік, трактор, комбайнның түр-түрі болатын, мен техникаға жауап бердім, шеберхана мен автопарк меңгерушісі болдым. Ал 2009 жылдан бастап осы колледжде қызмет етемін. Мамандықты саналы түрде таңдадым (ауыл шаруашылығы техникумын механик мамандығы бойынша бітіргенмін), сондықтан студенттерге өзім өндірісте көрген нәрсенің бәрін үйретемін. Бастапқы кезде сабақ беру оңай болған жоқ, әрине. Бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім», – дейді Ақан Қайсанұлы.
Екінші курста оқитын тобында 25 студент бар. Ақан Қайсанұлы көлік жөндейтін темір ұсталарын даярлайды.
«Алдымен теорияны оқимыз, сосын нақты мәселелерді шешуге көшеміз. Тақырыптар тізіміне қарай студенттерге автокөліктерде қандай қосалқы бөлшектер болатынын, қай жерлері бұзылатынын, оларды қалай жөндеу керектігін, двигатель, коробка және жүру бөлігіндегі әрбір бөлшекті қалай жинау керектігін, электр жағын, артқы мостты қалай жөндейтінін түсіндіремін. Зертханада Тойота мен Фольксвагеннің двигателі бар. Сондай-ақ, автокөліктерге компьютерлік диагностика жасайтын аппарат бар, оны студенттерге көрсете отырып, қалай пайдалану керектігін түсіндіремін. Содан кейін оқушыларды 4 адамнан топқа бөлемін, олар түсінгенінің бәрін қайталауы керек. Бұл құралды колледж 4-5 жыл бұрын сатып алған еді, алайда аппарат күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мұндай сабақтың барысында студенттер деректерді қалай білуді, аппараттың сымдарын автокөлікке қалай жалғауды және т.б. жұмыстарды түсіне білуі маңызды», – дейді педагог.
Колледжде оқу мақсатындағы автокөлік шеберханасы да бар. Ол қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: сырлау камерасы, көтергіш, компьютерлік геометрия, диагностика, басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар. Автошеберханада балалар Ақан Қайсанұлының бас-көз болуымен кәдімгі көліктерге және жұмыс істеп тұрған двигательдерге диагностика жасайды. Бұл жерде бірінші курс студенттері жұмыс істейді. Кіріспе сабақ автокөлік зертханасында болады. Содан кейін студенттерді автошеберханаға ауыстырады, мұнда олар кедір-бұдырды тегістеуді, көлікті сырлауды, жөндеуді, диагностика жасауды, қосалқы бөлшектерді ауыстыруды үйренеді.
Үлгерімі жақсы балаларға колледжді бітіргеннен кейін автокөлік жөндеу жөніндегі слесарь ретінде жоғарғы разряд береді, ал қалғандары белгіленген үшінші разряд алып шығады.
Кәсіби табысын айтпағанда, Ақан Қайсанұлының хоббиі де ерекше. «Музыкадан кәсіби сауат ашпасам да, жақсы түсінемін. 5-сыныпта оркестрде ойнадым, домбыра тарттым, кейін гитараны үйреніп алдым. Ұжымымыз біртіндеп өсіп, 1978 жылы халық оркестрі атағын алдық. Соңғы рет оркестр құрамында Украинаға барып, «Украина өнерінің күні» фестивалінде Қазақстанның атынан өнер көрсетік, төрт қалада болдық. Мектепті бітіргеннен кейін техникумға түсіп, ол жерде де оркестр, ансамбль мүшесі болдым. Музыкаға деген махаббатым шексіз болды, бұл менің екінші мамандығым сияқты болып кетті. Колледжде жұмыс істей бастағаннан кейін, 2013 жылы студенттермен бірге домбыра оркестрін құрдым. Кейде асатаяқ та қосып жүрдік. Үш жыл бойы ондаған студентпен жұмыс істедім. Кейін колледжге музыкадан кәсіби оқытушы алды да, үйірмені сол кісінің қолына тапсырдым. Өзім әлі күнге дейін мейрамдар мен концерттерде өнер көрсетіп, домбыра тартамын. Негізінен «Сарыарқа», «Адай» сияқты классикалық қазақ күйлерін жақсы көремін. Екпінмен тартылатын күйлер ұнайды. Бір кездері оркестрде ойнаған күйлерім де осылар», – дейді Ақан Қайсанұлы.
Қорыта келгенде, Алматы құрылыс-техника колледжінің басшылығы тек оқу процесінің сапасын ғана емес, түлектерінің болашағын да ойлайды. Сондықтан өндірістік тәжірибені ұйымдастыру және студенттерді әрі қарай жұмысқа орналастыру мақсатымен колледж осы саладағы 27 ірі және 35 шағындау отандық компаниямен келісімге қол қойған.











