Мобильдік топтың Сырым ауданындағы көшпелі кездесуі
2017 жылдың 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің жанындағы «Парасыз болашаққа. Бірге!» мобильдік тобының мүшелерімен Сырым ауданына көшпелі кездесу өткізілді.
Аудандық әкімдікте Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б.Исақовтың төрағалығымен және аудан активінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.
Б.Исақов өз сөзінде қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдардың, соның ішінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметінің негізгі күші сыбайлас жемқорлық қылмыстарының салдарымен күрестен гөрі, оның алғышарттарын және оған себеп болатын жағдайларды жоюға бағытталғандығын атап өтті.
Кездесу шеңберінде Департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының қызметкерлері аудандық арухана, ХҚКО, мектептер мен гимназия қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, мобильдік топ мүшелерімен аталған ауданның 10 тұрғынына консультативті көмек көрсетілді.
